RU

Түркістан облысының тұрғыны өмірге жаңа келген үшінші сәбиін көшеге тастап кеткен

Түркістан облысында екі перзенті бар ана, үшіншісін туа сала көшеге тастап кеткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Астана телеарнасына сілтеме жасап.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Бұл ақпаратты облыстық полиция департаменті растап отыр. Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылында нәрестенің жылап жатқанын жергілікті тұрғын байқаған.

Оқиға орнына келген полицейлер сәбидің 4-5 сағат бұрын өмірге келгенін анықтаған. Тәртіп сақшылары тез арада шақалақты аудандық орталық ауруханаға жеткізгені белгілі болды.

Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде нәрестенің анасы бірер сағаттың ішінде анықталған.

"Сол күні бір екі сағаттың ішінде тәртіп сақшылары іздестіру жұмыстарын жүргізіп, тастап кеткен баланың анасын табады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты, жас келіншек. Ажырасып кеткен. Оның ұлы мен қызы бар. Қазіргі таңда осы іске байланысты байланысты қылмыстық кодекстің 119-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", - деді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.

Қыз баланың қазіргі жағдайы жақсы.

Автор: А. Төребекқызы

Еске сала кетейік, бұған дейін Қостанай облысында зираттан нәрестенің денесі табылғанын хабарлағанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1859440-trkistan-oblysyny-trgyny-mirge-zaa-kelgen-sinsi-sbiin-ksege-tastap-ketken/