"Күдіктендім": Коронавирус жұқтырған қарағандылық дәрігер өз оқиғасын баяндады
Жарияланған күні:
Қарағандыдағы Балалар ауруханасының реаниматология бөлімінің меңгерушісі Елизавета Кальмбах қазіргі таңда коронавирустан ем алуда. Жансақтау бөлімінде жатып, жағдайы жақсарған дәрігер коронавирус жайлы айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Елизавета Кальмбах коронавирусты қайдан жұқтырып алғанынан бейхабар.
"Жұмыста біз барлық сақтық шараларын қатаң сақтадық. Менің бірнеше әріптесім және мен COVID-19 дертіне шалдықсақ та, оны пациенттерімізге жұқтырған жоқпыз. Бірақ біз, дәрігерлер қоғамнан оқшау емеспіз. Мен кез келген қарапайым адам секілді дүкенге барамын, автобуста жүремін. Әрине, біз жұмысымыздың ерекшеліктеріне орай біз қауіп-қатер аймағындамыз", - дейді ол.
Аурудың алғашқы белгілерін дәрігер өзі анықтапты. Айтуынша, оның дене қызуы көтерілгеннен кейін кеуде тұсы ауыра бастаған.
"Мен бірден коронавирусты жұқтырдым ба деп күдіктендім. Біріншіден, эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Екіншіден, менде осы дертке тән белгілер болды: бұлшық ет, кеудем ауырды. Бұл белгілер менің ыстығым көтерілгеннен кейін бірнеше сағаттан кейін пайда болды", - деп есіне алады Елизавета Кальмбах.
Жедел жәрдемге жүгінген дәрігер бірден ауруханаға жатқызылған. Одан алынған талдау нәтижелері COVID-19-дың барын растаған. Ал бірнеше күннен кейін Елизаветаның жағдайы нашарлап, ақ халаттылар оны жансақтау бөліміне ауыстырған.
"Әрине, дәрігер болғандықтан маған пациент ретінде жатып, емделу оңай болмады. Жағдайды бақылай алмайтыным, оған еш әсер ете алмайтыным ауыр тиді. Бірақ емдеудің барлық кезеңінде әріптестерім бар күш-жігерін салды. Олар мені қолдады, барынша үйлесімді және тиімді жұмыс істеді және маған көмектесіп отырды", - дейді балалар реаниматологы.
Елизавета инфекциялық госпитальда жатқан кезде туыстарымен және жақындарымен телефон арқылы ғана байланысқа шығып отырған.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы мәліметтер бойынша, елімізде тағы 3 адам коронавирус жұқтырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1859665-kdiktendim-koronavirus-zktyrgan-karagandylyk-driger-z-okigasyn-baandady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.