RU

Шымкентте дәрігер медбикені зорлау ісі бойынша кінәлі деп танылды

Шымкентте апелляциялық сот алқасы қоластындағы медбикені зорлады деп айыпталған облыстық аурухананың бұрынғы дәрігеріне қатысты жарты жылға жуық созылған сот ісін қарауды аяқтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Аталған мәселе өткен жылдың күзінде көтерілген болатын. Сол кезде 30 жастағы келіншек өзінің жетекшісі болып келетін дәрігердің оған жүйелі түрде қол жүгірткенін мәлімдеген.

Кейіннен медбике дәрігердің оны зорлағанын ашып айтты. Күдікті қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 120 және 121 баптары (зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Еске сала кетейік, былтыр күзде "НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі өзінің Facebook парақшасында Шымкентте дәрігердің зорлағанын айтқан медбике жайлы жазба жариялаған болатын.

Кейіннен Шымкенттің полиция департаменті дәрігердің жұмыс орнында медбикені зорлағаны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берген болатын.

Сол кезде полиция департаментінің баспасаөз қызметі мәлім еткендей, әл-Фараби ауданы полиция басқармасының қызметкерлері ҚР ҚК-нің 120 бабы 1-бөлігі және 121 бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу барсында күдіктіні ұстаған.

Қылмыстық іс айыптау актісімен бірге әл-Фараби ауданының прокуратурасына жіберілген.

2019 жылғы қыркүйек-қазан айларында істі әл-Фараби аудандық соты қарады. Алайда, сот тергеудің ұсынған дәлелдері мен айғақтарын жеткіліксіз деп тауып, сотталушыны ақтап шықты.

Кейіннен жәбірленуші апелляцияға өтініш беріп, қараша айында істі қайта қарау басталды.

Нәтижесінде, биылғы 9 маусымда сот алқасы ер адамды кінәлі деп танып, 2,5 жылға бас бостандығынан айырды.

"Сондай-ақ сот шешімімен сотталушы жәбірленушінің 1 миллион теңге көлемінде моральдық шығынын өтеуі тиіс", – делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1859733-symkentte-driger-medbikeni-zorlau-isi-bojynsa-kinli-dep-tanyldy/