Ақтөбеде жол апатынан алты адам көз жұмды: Күдіктінің жүргізуші куәлігі болмаған
Опубликовано:
Ақтөбе облысында алты адамның өліміне себепші болған ер адам қамауға алынды. 24 жастағы жігіт осыған дейін көлікті мас күйінде айдағаны үшін куәлігінен айырылған болып шықты. Бірақ бұл жолы алкогольді сусын қолданбаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жантүршігерлік жол апат Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылының маңында орын алған.
Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, Toyota көлігінің рөлінде отырған ер адам жолдың қарсы бетіне шығып, басқа жеңіл машинамен бетпе-бет соғылыпты.
Оның 46 жастағы жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында ажал құшқан. Ал өзге үш жәбірленушінің медициналық мекемеге жеткізілген соң көз жұмғаны белгілі болды.
Ақ халаттылар тағы бір адамның өмірін аман алып қала алмапты.
Қазіргі кезде Алға аудандық ауруханасында жол апатынан зардап шеккен бір әйел емделуде.
Ал алты адамның өліміне себепкер болған күдікті тергеуде. Оның былтыр осы уақытта мас күйде көлік жүргізгені үшін ұсталғаны анықталды. Ер адам 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.
"Жол көлік апатының нәтижесінде алты адам қаза болды. Барлық қаза болғандар – "Лада-ларгус" көлігінің жолаушылары мен жүргізушісі. Кінәлі жүргізуші қылмыстық процессуалды кодексінің 128-бабы негізінде ұсталды", - деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Самат Аисов.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Еске сала кетсек, Алматы облысында жантүршігерлік жол апаты орын алып, соның салдарынан бір адам қайтыс болды. Сонымен қатар, жарақаттанған екі жолаушы ауруханаға жеткізілген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1859854-aktbede-zol-apatynan-alty-adam-kz-zmdy-kdiktini-zrgizusi-kuligi-bolmagan/