Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күніне 10-15 науқас жеткізіледі": Ақтөбеде дәрігерлер карантинді қайтаруды сұрап отыр

Опубликовано:

Тұрғындардың немқұрайлығына алаңдаған ақтөбелік дәрігерлер дабыл қақты. Себебі соңғы аптада өкпе қабынуының асқынған түрімен түсетіндер көбейген. Ақ халаттылар өңірде қайтадан қатаң карантин режимін енгізуді ұсынды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: дәрігерлердің жеке мұрағатынан
Фото: дәрігерлердің жеке мұрағатынан: Facebook
"Қазір ауруханаға күніне 10-15 науқас жеткізіледі. Соңғы аптада өкпе қабынуының асқынған түрімен түсетіндер көбейіп кетті. Көпшілігінде өкпе қызметінің жұмыс істеуі төмендеп кеткен. Емдеу шаралары тек өзімізбен шектеліп жатқан жоқ.
Әр науқастың жағдайы министрдің алдына дейін барып жатыр. Бәрі талқыланады. Емдеу шаралары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Көпшілігі ауру асқынғаннан кейін ғана дәрігер көмегіне жүгінеді.
Қарапайым сақтық шараларын сақтамау – аурудың жайылып кетуіне ықпал етіп тұр. Халықтың көбі еркінсіп кетті. Қатаң режимді енгізу, карантин тәртібін қайта әкелу туралы ұсыныс жасап жатырмыз", – дейді жұқпалы аурулар дәрігері Мейрамбек Құрманғазин.

Бүгінде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөлімінде 12 адам жатыр. Оның ішінде бес науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Екі адам хал үстінде.

Дәрігер жүкті келіншектердің жағдайына да алаңдаушылық білдірді. Себебі өңірде босануға айы-күні жақындап отырғандар арасында вирус жұқтырғандар көбейген.

"Инфекциялық ауруханада COVID-19 дертінің оң нәтижесімен жүкті әйелдердің түсуі жиілеп кетті. Үш рет кіндік әке, кіндік ата болдық. Осыдан кейін қарапайым халық түгілі жүкті келіншектердің өзі сақтық шараларын сақтамайтынына көз жеткіздік. Себебі сауалнама кезінде олардың бәрінің дүкен аралап, адам көп шоғырланатын жерлерде болғаны белгілі болды", – дейді Құрманғазин.

Коронавирус анықталғандар арасында вирус жұқтырғанына сенбей, емдеуге көнбегендер де болған. Дәрігерлер мұндай жағдайда полиция көмегіне жүгінгендерін жасырмады.

"Полицияның көмегіне жүгініп, емделушілерді солармен ғана тоқтатқан жағдай болды. Бірақ олардың бәрі де ауру өршіген кезде басқаша әңгіме айтады. Ауру бірден белгі бермеуі мүмкін. Кей адамда төрт күннен кейін, біреулерде он күнде, тіпті 14-ші күні шығуы мүмкін.
Айта кету керек, алғашында ауруына сенбеген науқастар бүгінде оны мойындады. Қазір олар емделу жолын сұрайды. Емдеудің бірден бір жолы – тек алдын алу. Тұмау сияқты болған соң індетті көп адам менсінбейді. Оның ерекшелігі жай-жай жүріп, көрінбей-ақ өкпені жеп қояды.
Кенеттен, бір күнде, бір тәулікте, бірнеше сағатта қолайсыз жағдайға түсетіндер жиілеп кетті. Өкпе шіріп кетсе, емнің нәтижесі болады деу екіталай. Сондықтан мүмкіндігінше жеке бас гигиенасын сақтап, мейлінше адам көп шоғырланатын жерге бармау керек. Ауру жұқтыру қаупін естен шығармау керек", - дейді дәрігер.

Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша елімізде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 13 558-ге жеткен. Олардың 444-і Ақтөбе облысынан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1859962-knine-10-15-naukas-zetkiziledi-aktbede-drigerler-karantindi-kajtarudy-srap-otyr/

pixel