RU

ШҚО-да карантин 1 шілдеге дейін ұзартылды

Шығыс Қазақстан облысында карантин 1 шілдеге дейін ұзартылды. Шектеу іс-шараларының режимі мен мерзімі коронавирустық инфекцияның таралуы мен COVID-19 аурушаңдығының өсу деңгейінің өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ coronavirus2020.kz Telegram ресми арнасына сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Облыс әкімі Даниал Ахметовтың Facebook парақшасында жазуынша, соңғы 10 күн ішінде өңірде коронавирус инфекциясын жұқтыру қарқыны айтарлықтай артқан.

"Ең қиын жағдай Семей қаласында. Мұнда тұрғындардың вирусты жаппай жұқтыру деңгейі күн санап көбеюде. Барлық 234 жағдайдың 162-сі Семейде тіркелген.
Осыған дейін атап өткенімдей, бұған себеп, ең бірінші, жауапты органдардың өз ісіне салғырт қарауы, бақылаудың жоқтығы, сондай-ақ, тұрғындардың тәртіпті сақтамауы. Қарапайым ережелердің өзін өрескел бұзып отыр. ⠀ Осыған орай облыстың бас санитарлық дәрігері шектеу шараларын күшейтуді ұсынды. Сондықтан, бүгін бизнесмендердің бастамашыл тобымен бірге санитарлық дәрігердің ұсынысын талқыладық.
Мені кәсіпкерлердің бастамашылдығы мен ашықтығы ерекше қуантты. Олар коронавирустың жаппай өршуіне байланысты қалада қалыптасқан барлық жағдайды жақсы түсініп отыр. Сындарлы пікірлерін ортаға салып, бірге қарастырдық.
Кездесу қорытындысы бойынша бизнес қоғамдастықпен бірлескен ортақ шешім қабылданды. Сонымен қатар, бүгіннен бастап кәсіпкерлердің ұсынысымен Семейде мониторингтік топ құрылды. Олар енді санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалу барысын бақылауға өздері алады. ⠀ Қазір біздің алдымызда тұрған басты міндет - азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау екенін естен шығармайық", - дейді Даниал Ахметов.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте карантин 22 маусымға дейін ұзартылғанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1860245-sko-da-karantin-1-sildege-dejin-zartyldy/