Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Адасуға шақ қалып тұрмыз": Құралай ханым желіде шу тудырған сөздеріне жауап берді

Опубликовано:

Қазақша психологияны дәріптеуші Құралай Ошақбаеваның желіде басы дауға қалды. Кәсіби коучтың ақылды қыздар жайында айтқан пікірі ел арасында қызу талқыға түсіп, көптің сынына ұшыраған. Отбасылық мәселелер жөнінде көптеген дәріс өткізген көпбалалы ана шулы сұхбатынан кейін алғаш рет халыққа жауап берді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: Instagram/quralai_hanum. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Фото: Instagram/quralai_hanum. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Instagram

Құралай ханым тікелей эфир кезінде айтқан пікірін толыққанды ашып түсіндірді.

Ол "умная дурочка" болу дегеннің астарында қандай мағына жатқанын айтты. Белгілі коуч көпшілік оның сөзіне терең үңілмей, сол себепті дұрыс қабылдамағанын жеткізді.

"Қыздардың ақылына қатысты айтқан ойым «хит» боп кетіпті. Бұл жағдайдан байқағаным, бізде қазақ тілді және орыс тілді аудитория мүлдем бірін-бірі түсінуі қиын екі түрлі әлем екен. Айтқан пікірімнің астарына үңілмей, хайп қуғандар іліп әкетіп, кәдімгі шу қып жіберді. Өкінішті. Әйел қашанда ақылды болуы керек. Білімді болуы керек. Өзін үнемі дамытуы қажет. Бұл менің ұстанымым! Айнымас қағидам!

Бірақ! Бірақ қыз бала осы ақылын даналыққа ұштастыруы қажет. Онсыз құр құрғақ ақыл отбасын ұшпаққа шығармайды. Әл-Фараби бабамыз айтады ғой, «тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың хас жауы» деп. Осы секілді «әйелге даналықсыз берілген ақыл – отбасы жауы» дер едім.

Білесіз біздің әже-аналарымыз дана, ақылды болған. Бірақ ол ақылдылығын жалау етіп алып, көкірек соғып, ақылын тықпаштамаған.

«Ақылдымын» деп өзін ерінің алдында үстем ұстамаған. Ақылын жарқыратпай, күйеуінің жігерін жықпай, керісінше даналығымен қанаттандырып, ұлы істерге итермелеп отырған.

Үйдегі басшы-еркек, қосшысы – әйел. Бұл қазақы отбасының құндылықтарын сақтауы, әке-ана иерархиясының сақталуы. Мен бұл сөзіммен бұрынғы дәуірді аңсап отырғаным жоқ. Дұрыс түсінейікші, отбасы құндылықтарын сақтау қажет.

Отбасындағы әйел мен еркектің рөлін ауыстырмаған жөн. Онсыз да барымыздан айрылып, адасуға шақ қап тұрмыз. Әйелі билеген үйден, ынжық еркек, шайпау әйел өсіп шығады. Баланс бұзылады.

Еркек қашанда өзін сол үйдің басшысы екенін сезінуі қажет. Жауапкершілік сонда болады. Ал бізде қалай, үйдің де түздің де бар шаруасын мойнына артып алып, бала-шағасымен қоса, күйеуі де мойнында аяқты салбыратып жіберіп, шырт түкіріп жатыр.

Бұл не? «Өте ақылды ана» бұл отбасын құтқаруға басқа ешкімнің ақылы жетпейді деп өзінше шешім шығарып, бар тізгінді қолға алады. Автоматты түрде еркегін бар жауапкершіліктен босата салғанын білмей қалады. Еркек не істейді? Бар проблемасы шешіліп кеткендей, бойы жеңілдеп, бір рахат сезімге түседі. Ерігеді сосын. Ал еріккен еркек не істейтінін білесіздер. Даналықтың негізгі өлшемі - түсінік. Өмірдегі бар нәрсені білу бір басқа да, оны түсіну, түйсіну, жүрекпен ұғу бір басқа" , - деп жазды ол.

Оған қоса, Құралай ханым әрбір қыз-келіншектің бақытты болғанын қалайтынын айтты.

"Біздің қыз-келіншектерде сол түсініктің болғаны маңызды. Бәрін білетін өте ақылды қыздар бар, бірақ түсінуге шорқақ. Кикілжің міне осы жерден басталады. Бізде «өзім білемге» салынып, қатты кетіп жататын хотундар көп. Дес бермей, бет бақтырмай кетеді.

Біз бар мәселені ана жүрегімен, мейіріммен, даналықпен шешкеніміз пайдалы, күйеуге де, балаға да өзіңе де.

Өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай. Қажет кезде ақылды әдемі қосып, назданып отырып, отбасын айрандай ұйытуға болады емес пе?!

Менің пікірімді іліп алып, желіде шулап жатқан жұртқа айтарым: Ағайын, бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы! Қазақ әйелінің бақытты болуы! Менің жан-дүниемнің жүрегімнің қалауы осы. Әрбір қыз, келіншек келін, ана бақытты болса екен деймін. Осы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын" , - деп жазды ол Facebook парақшасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1861369-adasuga-sak-kalyp-trmyz-kralaj-hanym-zelide-su-tudyrgan-szderine-zauap-berdi/

pixel