RU

Елорда емханалары жоспарлы қабылдау мен науқастарды қарауды тоқтатады

Нұр-Сұлтан билігі соңғы күндері қаладағы коронавирусқа қатысты жағдайдың ушығуына байланысты қалалық емханаларды жабу туралы шешім қабылдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігінің сайты
Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігінің сайты: Facebook

Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 23 маусымнан бастап қала емханаларында науқастарды жоспарлы қабылдау мен қарау тоқтатылады.

Атап айтқанда: ересектер мен балаларды профилактикалық қабылдау, оның ішінде скринингтер, жоспарлы стоматологиялық, оңалту қызметтері, денсаулық мектебі, медициналық-әлеуметтік қолдау, МӘС құжат рәсімдеу, күндізгі бөлімнің жұмысы, жоспарлы түрде ауруханаға жатқызуға жолдама беру, тәулік бойғы және күндізгі стационар бар.

Мамандардың жоспарлы консультациялық көмек көрсетуі онлайн форматқа ауыстырылады. Диспансерлік тіркеуде тұрған азаматтарға қажетті рецепт онлайн беріліп, дәрі-дәрмек үйге дейін жеткізіледі. Халықты вакцинациялау екпенің ұлттық күнтізбесі бойынша жоспарлы түрде жүргізіледі. Жүкті әйелдерді қабылдау, УДЗ скрининг жүргізу штаттық режимде қалады.

Қала емханалары тек шұғыл және КВИ белгілері бар науқастарды ғана қабылдайды. Коронавирустың ауру белгілері жоқ науқастарын емдеу үшін медицина қызметкерлері бейнеқоңырау және байланыстың басқа да арналарын пайдалану арқылы азаматтардың денсаулығын қадағалап отырады және инфекцияның симптомсыз түріне қатысты мәселелер бойынша консультация өткізетін болады. Ауру белгілері байқалған бойда науқастарды ауруханаға жатқызады.

22 маусымда қосымша 200 орындық стационар дайындалды. Қажеттілік туындаған жағдайда басқа да ұйымдар стационар ретінде бейімделетін болады.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы карантиндік блок-бекеттердің орнына эко-бекеттер қойылатынын хабарлағанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1861614-elorda-emhanalary-zosparly-kabyldau-men-naukastardy-karaudy-toktatady/