RU

22:00-ден 06:00-ге дейін жүруге болмайды: Ақмола облысында карантин күшейтіледі

Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірде карантин шаралары күшейтілетінін мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Coronavirus2020.kz telegram-арнасына сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов: Original

Атап айтқанда, 24 маусымнан бастап облыс бойынша:

  • іс-шаралар, форумдар, көрмелер, конференциялар, семинар, симпозиумдар, сондай-ақ отбасылық, естелік және өзге де бұқаралық іс-шаралар өткізуге;
  • ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметіне тыйым салынды.

Сондай-ақ Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері мәлім еткендей, пациенттерді стационарларға жоспарлы жатқызу, скринингтер және профилактикалық тексеру тоқтатылды.

Медициналық ұйымдарда, қарттар мен мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік объектілерде, сәбилер үйлерінде, балалар үйлерінде, әлеуметтік оңалту орталықтарында, мүгедек балаларға арналған оқу орындарында, интернат үлгісіндегі карантин және санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау режимі енгізілді.

Бұдан бөлек, 65 жастан асқан адамдарға үйден шығуға шектеу қойылған, саябақтарда серуендеуге, туысқандарына баруға, сондай-ақ отбасылық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды.

Көкшетау мен Степногорск қалаларының айналасында карантиндік аймақтың периметрі орнатылады және блок-бекет орнатумен, кіру/шығу пункттері анықталады. Қалаларға белгілі бір санаттағы тұлғалар ғана кіре алады.

Сағат 22: 00-ден 06:00-ге дейін Көкшетау, Степногорск қалаларының аумағында тұрғындардың және автокөліктердің жүруіне тыйым салынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1861919-2200-den-0600-ge-dejin-zruge-bolmajdy-akmola-oblysynda-karantin-ksejtiledi/