RU

Алматыда науқастарды жоспарлы қабылдау тоқтатылды

Оңтүстік астанада науқастарды жоспарлы қабылдау, қарау, тіпті, жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету тоқтатылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қаланың қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов: Original

Денсаулық сақтау министрлігінің «COVID-19 коронавирусының симптомсыз түріне шалдыққан науқастарға амбулаториялық бақылауды ұйымдастыру туралы» бұйрығына сәйкес, Алматыда науқастарды жоспарлы қабылдау, сондай-ақ профилактикалық қарау, скрининг және медициналық оңалтудың үшінші кезеңі тоқтатылды.

Сонымен қатар, қала тұрғындарына жоспарлы стоматологиялық көмек, білім алушылардың денсаулығын қорғау бойынша қызметтер көрсетілмейді, салауатты өмір салтын насихаттайтын іс-шаралар өткізілмейді.

Бұдан бөлек, психологиялық көмек пен медициналық-әлеуметтік қолдау, ақылы медициналық тексеру мен медициналық-әлеуметтік сараптамаға құжат рәсімдеу уақытша тоқтатылады.

Қабылданған шаралардың қашанға дейін созылатыны белгісіз. Олардың мерзімі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан билігі соңғы күндері қаладағы коронавирусқа қатысты жағдайдың ушығуына байланысты қалалық емханаларды жабу туралы шешім қабылдаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1861949-almatyda-naukastardy-zosparly-kabyldau-toktatyldy/