RU

Солтүстік Қазақстанда демалыс күндері карантин шаралары күшейтіледі

Солтүстік Қазақстан облысында демалыс күндері шағын дүкендер мен дәріханалардан басқа барлық көңіл көтеру және қызмет көрсету орталықтары жабылады. Бұл күндері қоғамдық көліктің жұмысы да уақытша тоқтатылмақ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов: UGC

СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, бүгін аймақтың бас санитарлық дәрігері сәйкес қаулы шығарды. Ол 27 маусымда сағат 00.00-де күшіне еніп, 29 маусым күні сағат 00.00-де күшін жояды.

Бұл күндері облыс тұрғындарына туған-туыс, таныстарын аралауға, отбасылық іс-шараларды өткізуге шектеу қойылмақ. Сондай-ақ өңір бойынша және елді мекендерде жаяу, жеке көлікпен қатынауға тыйым салынады. Тұрғындар тек жұмысқа барып, жақын маңдағы дүкен мен дәріханадан керек-жарағын алу үшін және үй жануарларымен ғана шыға алады.

Демалыс күндері облыстағы барлық супермаркеттер мен гипермаркеттер, сауда орталықтары, базарлар, ойын-сауық, бизнес орталықтар, қызмет көрсету орталықтары, моншалар, қоғамдық тамақтану орындары, туризм нысандары мен мейманханалар, жағажайлар, спорт-мәдениет-діни нысандар, үйірмелер уақытша жұмысын тоқтатады. 27-28 маусым күндері қоғамдық көліктер жүрмейді.

Пәтер иелері кооперативтері басқа да серіктестіктермен бірге балалар және спорт алаңдарын, үйлердің кіреберістерін зарарсыздандыруға міндетті. Кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары да ғимараттардағы өндірістік және тұрмыстық бөлмелерде толық тазалау жұмысын жүргізуі тиіс.

Мамандар коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының артуына байланысты осындай шараларға баруға мәжбүр.

Еске сала кетейік, қазақстандық инфекционист Равиля Егембердиева елімізде пневмонияның таралуын – коронавирус инфекциясының көрінісі деп атаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862003-soltstik-kazakstanda-demalys-knderi-karantin-saralary-ksejtiledi/