Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Тіл мәселесіне бей-жай қарасақ, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төнуі мүмкін

Опубликовано:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 30 жылдың ішінде туған тіліміздің қолдану аясын кеңейту үшін көп жұмыс атқарылғанын айтты. Ол осы уақыт аралығындағы елеулі істерді сырт көз сыншылар да айтып жүргенін, бірақ кейбірі бұл үрдіске қуана қоймайтынын жеткізді. Қазақ тіліне қатысты тағы басқа мәселелерді президент "Ана тілі" газетіне берген арнайы сұхбатында баяндады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Тоқаев қазақ тілі
Фото: "Ана тілі" газеті: Facebook
"Қазақ тілінің жағдайы туралы айтқанда, мемлекетіміздің негізін қалаған, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айырықша еңбегін атап өтуге тиіспіз. Ол елімізде мемлекет құраушы ұлттың саны едәуір аз болғанына қарамастан Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялады.
  • Сондай аумалы-төкпелі кезеңнің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей ықпал етуімен Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады.

Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайлылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын.

Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық. Өйткені оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін",- деді Тоқаев.

Сонымен қатар, президент бұл тұрғыда геосаяси жағдайды да назардан тыс қалдырмауымыз керегін айтты.

Әсіресе, Ресеймен арадағы шекарамыздың әлемдегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шығармаған жөн: география – геосаясаттың маңызды факторының бірі дейді ол.

"Бірақ бұл мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды тоқтатып қою керек дегенді білдірмейді. Қайта оны ың-шыңсыз, айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет.

Бұл орайда Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Олар өздеріне тән жайлы мінезіне салып, ұрандатып-шулатпай-ақ, қажет кезінде орыс тіліне де жүгіне отырып, тіл мәселесін толық шешіп алды.

Менің таңғалатыным, Өзбекстанның мемлекеттік органдарында әлі күнге дейін орыс тілі қолданылады. Тіпті олардың тұтас тарихында да осылай болған. Өзбектер қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық беріп, ХХ ғасырдың бас кезіндегі аз ғана халықтан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен ұлтқа айналды.

Сондықтан ұлы Абайдың өзбек халқына қатысты айтқан парасатты ой-пікірі қазіргі технология ғасырында да өзінің өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз. Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр",- деді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, тарихтан сабақ ала отырып, біз технология мен роботтар басты рөл атқаратын жаңа дәуірдегі қазақ халқының игілікті өмірі жайында ойлануымыз керек.

Себебі, әлем түпкілікті өзгерістердің алдында тұр. Сондықтан, есте жоқ ескі заманды аңсамай, лингвистикалық мәдениеттің айналасын шиырлай бермей, тарихымызды да дәріптеп, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, алға ұмтылуымыз қажет.

"Біздің мемлекеттік тілдің жағдайын қайта-қайта көтеріп, оның мүшкіл халі туралы айта бергенімізге өзге елдер, әсіресе Орталық Азиядағы мемлекеттер түсінбей, таңданыспен қарайды. Қазір – нағыз аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ. Олай болмаған жағдайда біз өзімізді халықаралық қоғамдастықтың алдында кемшін ұлт ретінде көрсетеміз. Ал енді не істеу керек?
  • Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек.

Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс.

  • Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек.

Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.

  • Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек.

Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн.

  • Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет.
Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет",- деді президент.

Президент Орталық Азиядағы көршілеріміздің тәжірибесі бізге пайдалы әрі үлгі боларлықтай деп есептейді.

"Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері "Құрманжан датқа" деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған.

Ал біздің кинематографистер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің киногерлер де ауызбіршілік таныта алмай отыр. Бұл – шығармашылықты тұралататын жағдай.

Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Мені еліміздегі блогосфераның қазақ тіліне қарай ыңғайланып келе жатқаны қуантады. Дей тұрғанмен, біз әсіреұлтшылдық пен радикализмге бой алдырмауыз қажет.

Сондай-ақ қазақ тілін дамытамыз деп орыс тілінің мәртебесін шектемеуіміз керек. Жоғарыда айтқанымдай, тіл мәселесінің астарында үлкен саясат бар. Сондықтан бұл тұрғыда асығыстық пен жалаң ұрандату мемлекеттігімізге кесірін тигізуі мүмкін.

Жалпы алғанда, жоғары оқу орындарында нақты ғылымдарды орыс тілінде оқыта берген жөн. Осы ретте бізге Малайзияның тәжірибесі үлгі бола алады. Бұл ел алғашқыда ағылшын тілінен бас тартып, кейіннен ойлана келе, оны жоғары оқу орындарында және дипломатиялық қарым-қатынастың құралы ретінде қалдырды. Біздің өскелең ұрпақ қазақ тілімен қатар, орыс тілін де еркін меңгеруі керек.
Бұл – уақыт талабы. Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс. Орыс тілін де оқыту керек. Ал ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал",- деді ол.

Тоқаев қазір демографиялық ахуалдың өзі қазақ тілінің ұпайын түгендеу бағытына қарай дамып келе жатқанын айтады.

"Яғни біз алға қойған мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мұндай астары қалың, ел тағдырын шешетін іргелі істе асығыстыққа жол бермеу керек. Қайта әрбір әрекетімізді ақылға салып, мойнымыздағы тарихи жауапкершілікті барынша сезіне отырып жұмыс істегеніміз дұрыс. Осындай өркениетті қадамдардың нәтижесінде ғана қазақ тілі ғылым тіліне айналады",-деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862063-tokaev-til-mselesine-bejzaj-karasak-lttyk-kauipsizdigimizge-kater-tnui-mmkin/

pixel