Белгілі журналист Бейсен Құранбектің анасы жайлы айтқан естелігімен бөлісті

Опубликовано:

Танымал журналист Есболат Айдабосын әріптесі Бейсен Құранбектің анасы туралы айтқан естелігін жария етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: Жетісу
Фото: Жетісу: Instagram

Есболат Айдабосын Бейсен Құранбектің жағдайын сұрай барғанда, әріптесі анасы туралы айтып берген. Сол естелікті журналист Facebook парақшасында жариялады.

"Адамзаттың қателігі - адам бірінің етін бірі жеп жатыр. Қасқыр да қас қылмайды жолдасына. Ал, адам аңнан бетер жыртқыш боп кетті. Ұлт қателігі - ауызбірлік кетіп қалды. Бірлесіп бір іс қыла алмаймыз. Біздің қателік - жауапкершілікті сезіне алмадық. Өз міндетімізді толық атқара алмадық, сендерге үлгі көрсетіп кетуіміз керек еді, бастарыңды қосып жолға салып кетуіміз керек еді. Өкінішке қарай соны істей алмадық.

Ал, менің қателігім - бастан асады. Ең бірінші қателігім не білесің бе?..

Ең бірінші қателігім әке-шешемді мойындамағаным екен. Шал мен кемпірдің баласы болдым. Мектепте жүргенде атам қайтты. Ол кісі кеткен соң "сен біздің үйдің баласы едің" деген әңгіме шыға бастады. Сол кезде мен қырғын салдым. Кәдімгідей шайқастым. Бармай қойдым. Соным қате болған екен. Бармасам да "әке-шеше" деп айта салуым керек еді. Оларға сол ғана керек екен.

Мен соны айтпай қойдым ғой қырсығып, "көке, тәте" деп кеттім. Кейінннен ержетіп, сүйек қатайған соң қиын болады екен, айта алмай қалады екенсің. Айта алмаған соң арада суықтық пайда болады екен. Осылайша олар өз балаларын "балам" дей алмай, мен өз анамды "ана" дей алмай қалдым. Бұл менің өмірімдегі бірінші қателігім". Бір көңілін сұрай барғанда Бейсен ағам осылай деп еді", - дейді Есболат Айдабосын.

Еске сала кетсек, күні кеше журналист Бейсен Құранбектің анасы өмірден озды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862261-belgili-zurnalist-bejsen-kranbekti-anasy-zajly-ajtkan-esteligimen-blisti/