Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елордалық инфекционист: Бұрын үйіміз болса деп армандайтын едік, қазір індет бітсе екен деп тілеймін

Опубликовано:

Инфекционист Ақбота Әбішбаева – үш айдан бері Нұр-Сұлтандағы туберкулез диспансеріндегі коронавирус стационарында індетпен күресіп жатқан дәрігердің бірі. 10, 6 және 2 жасар балаларын үш ай бойы көрмеген. Ақботаның арманы - індетті тезірек жеңіп, балаларымен қауышу. Олар Қызылорда мен Байқоңырдағы әжесі мен нағашы ата-әжесінің қолында анасын сарыла күтіп жүр деп жазады KAZ.NUR.KZ Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Фото Азаттық
Фото Азаттық: Depositphotos

Ақбота Әбішбаева наурызда вирус табылды дегеннен кейін, 20 наурызда тез жиналып, балаларын таксимен Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы енесіне апарып тастаған.

Қазір балаларын Байқоңырдағы анасы екеуі кезек-кезек қарап отыр. Қол тигенде олармен WhatsApp арқылы хабарласып тұратынын жеткізді.

Ақбота балалары да коронавирус жайлы біліп отырғанын, "Вирус тез бітсінші, астанаға үйге барайықшы" деп жиі айтатынын жеткізді.

Сонымен қатар Ақбота 10 жыл инфекционист болып жүргенде мұндай болады деп тіпті, ойламағанын айтады.

"Қазір ауырып жатқан адам көп, тубдиспансердегі инфекциялық стационарда орын жоқ. Келіп жатқандарды қабылдай алмай жатырмыз. Маусымнан бастап ауыр халде түсетіндер күрт көбейді. Консилиум жиындары да көп. Ауруханада қайтыс болғандарды да көрдік. 10 жыл инфекционист болып жүргенде мұндай болады деп ойламадық да. Бұл вирус жас, кәрі, бала, қарт деп таңдамайды екен. Адамдар осыны түсінсе деймін. Агитация аз болды", - деген инфекционист адамдар карантин мен сақтық шараларын ұстанса дейді.

"Бізге, дәрігерлерге, ауыр. Шілдеде демалыс аламын ба дегенмін. Бірақ дәрігер жетпей жатыр. Күні бойы арнайы киім, резеңке етікпен жүреміз. Маска, көзілдірік шаршатты. Вирустың ортасында жүргенімізді ойламауға тырысамыз. Психологтар науқастарға да, бізге де онлайн кеңес береді.

Күйеуім де астанада әскери қызметте. Күйеуімнің жұмысының жатақханасында бір бөлмеде тұрамыз. Бұрын үйіміз болса деп армандайтын едік. Қазір үй, көлік деген жайына қалды. Қазір індет бітсе екен деп тілеймін. Басқа арманым да жоқ. Осы қиын шақта балаларымның қабағына қарап, барын ауыздарына тосып отырған енем мен анама мың алғыс", - дейді Ақбота Әбішбаева.

Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша, елімізде коронавирус жұқтырғандар 47 171-ге жеткен. Өткен тәулікте тағы 1452 адамнан COVID-19 анықталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1863516-elordalyk-infekcionist-bryn-jimiz-bolsa-dep-armandajtyn-edik-kazir-indet-bitse-eken-dep-tilejmin/

pixel