RU

Жамбыл облысында дәрігерлер COVID-19-дан жазылып шыққандарды донор болуға шақыруда

Жамбыл облысында ақ халаттылар коронавируспен ауырып, жазылып шыққан жандарды донор болуға шақыруда. Қан тапсырған тұрғынға 20 мың теңгеге жуық ақша төленбек деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Depositphotos

Дәрігерлердің айтуынша, донорға ақша бірден төленеді. Тіпті қызметтегілерге бір күн демелыс беріліп, сол күнгі жалақысы да сақталады.

Сондай-ақ донордың қан орталығына барып- қайтқан жолақысын да төлеп беруге дайын.

Бірақ мамандар коронавируспен ауырған адамның толық жазылып шыққанына көз жеткізуі қажет. Ал одан алынған қан инфекциямен ауырып, ауыр хәлде жатқан науқастарға қолданылады.

"Егер короновируспен ауырып жазылып шыққан болсаныз және одан бері 14 күн өтсе, донор болуға кеңес береміз. Сіздерден біреудің қайғысына араша түсуді сұраймыз", - дейді Қан дайындау бөлімінің меңгерушісі Салтанат Досжанова.

Дереккөз КТК арнасы

Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша, елімізде коронавирус жұқтырғандар 47 171-ге жеткен. Өткен тәулікте тағы 1452 адамнан COVID-19 анықталған. Оның 91-і Жамбыл облысынан.

Жалпы бүгінде Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандар саны 1671. 552 адам COVID-19-дан жазылып шықса, бір адам қайтыс болды.

Естеріңізге сала кетейік, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін бүгіннен бастап Қазақстанның барлық аймағында 14 күндік шектеу шаралары күшіне енді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1863520-zambyl-oblysynda-drigerler-covid-19-dan-zazylyp-sykkandardy-donor-boluga-sakyruda/