RU

Иммунитетке сеніп жүре беруге болмайды: коронавирустан қорғанудың жолы қандай

Иммунитеті мықты адамдар да коронавирус жұқтыруы мүмкін. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Нұр-Сұлтан медициналық университетінің мұғалімдері мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Жедел медициналық көмек, анестезиология және қарқынды терапия кафедрасының меңгерушісі Нұрила Малтабарова мықты иммунитеттің коронавирус инфекциясын жұқтырмауға кепіл бола алмайтынын мәлімдеді. Сондықтан, оның айтуынша, иммунитетке ғана сеніп, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтамау – қателік.

Осыған орай маман барлық қазақстандықтарға әсіресе, адамдар көп шоғырланған жерлерде, дүкендерде профилактикалық шараларды – жеке гигиена мен арақашықтықты сақтауға, маска тағуға кеңес берді. Сондай-ақ ол бөлмелерді жиі желдетіп тұру керектігін атап өтті.

Бұдан бөлек, медицина ғылымдарының кандидаты ауруды еңсеруге ұйқы көмектесетінін алға тартты.

"Ұйқы барлық жүйеге, соның ішінде орталық жүйке жүйесі мен жүрек-қан тамыр жүйесіне демалуға мүмкіндік береді. Осылайша, ағзаның қорғаныс күштері сақталады", – дейді Малтабарова.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы вакцина бірінші кезекте кімдерге егілетінін айтып берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1863623-immunitetke-senip-zre-beruge-bolmajdy-koronavirustan-korganudy-zoly-kandaj/