Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ресей денсаулық сақтау вице-министрі: Қазақстандық дәрігерлерге сақтық жетіспейді

Жарияланған күні:

Қазақстандық дәрігерлер коронавирусқа қатысты мұқият сақтық танытпайды. Ресей денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олег Гриднев Нұр-Сұлтан қаласының медициналық мекемелерін аралағаннан кейін осындай тұжырымға келген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

"Қазақстандық дәрігерлерге сақтық жетіспейді": Ресей денсаулық сақтау министрінің орынбасары алғашқы бағасын берді
Фото: Sputnik: UGC

Ресей денсаулық сақтау министрінің орынбасары жарты күн ішінде бірінші қалалық аурухананың екі бөлімшесіне, тоғызыншы емхана мен елорданың жедел жәрдем станциясын аралап шыққан.

"Менің көріп, бағалағаныма келер болсақ, барлығы дұрыс әрі лайықты ұйымдастырылған. Дәрігерлер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіліпті, ұйымдастырушылық логистика да дұрыс құрылған. Мен жұмыс барысындағы өрескел қателіктерді көрмедім, бірақ медициналық қызметкерлердің аса сақтық танытпайтынын байқадым. Дәрігерлердің ауырып жатқаны қорқынышты. Бірақ дәрігерлерді қорғайтын костюмдер ғана емес қой, ең алдымен сақтық қажет. Вирус көрінбейді, бірақ ол бар", – дейді Олег Гриднев.

Сонымен қатар ресейлік шенеунік 5 шілдеден бастап Қазақстанда енгізілген карантиннің дұрыстығы туралы да айтты. Гридневтің айтуынша, бұл шектеулер елдегі медициналық мекемелерге пациенттердің ағымын азайтады.

"Адамдардың дүрбелең туғызатыны өте өкінішті. Жағдайдың өзгеруіне не әсер ете алады десек, бұл карантиндік шаралар. Себебі вирустың таралуын әлеуметтік қашықтықты сақтаусыз және шектеулерсіз тоқтату өте қиын. Мүмкіндігінше медициналық мекемелерге жатқызылатын науқастардың санын азайту қажет. Қазіргі уақытта Қазақстанда енгізілген шектеулер өте орынды", – деп жалғастырды министрдің орынбасары.

Қазақстанға келіп жеткен ресейлік делегация құрамындағы дәрігерлер не істейді деген сұраққа, Олег Гриднев келген дәрігерлердің бәрі Мәскеу облысының ауруханаларында, Тұтынушылар құқығын қорғау және адам саулығы саласындағы қадағалау жөніндегі федеральдық қызметте (Роспотребнадзор) жұмыс істегенін айтты.

"Біз ескерттік. Мүмкін дәрігерлер Қазақстанның басқа аймақтарында жұмыс істейтін болады және Денсаулық сақтау министрлігі басшылығы жүктейтін міндеттерді орындай алады деген сенімдеміз. Қазақстанға қанша дәрігер керек болса, сонша дәрігер болады",– дейді Гриднев.

Айта кету керек, 6 шілдеде Ресейден арнайы рейспен 32 адамнан тұратын дәрігерлер делегациясы келді. Олардың қатарында реабилитологтар, жұқпалы аурулар жөніндегі мамандар, пульмонологтар мен эпидемиологтар бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1863784-resejlik-vice-ministr-kazakstandyk-drigerlerge-saktyk-zetispejdi/