RU

Тоқаев: Денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты жасаған үндеуінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі коронавирус індетіне тойтарыс беруге дайын болмағанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Берік Уәлидің Facebook парақшасынан алынды
Фото: Берік Уәлидің Facebook парақшасынан алынды: Depositphotos

Президенттің сөзінше, коронавирустың таралуына байланысты денсаулық сақтау жүйесіне көп ауыртпалық түсуде.

"Ашығын айту керек, денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз.
Дегенмен, мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Қабылданған шаралар мен медицина қызметкерлерінің ерлігінің арқасында емделіп шығып жатқан азаматтардың саны едәуір көбейді.
Көптеген елдердегі жағдай бізден де қиын", - дейді президент елімізде індетпен күрес жалғаса береді.

"Бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас. Алайда, уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды.

Салмақты, сабырлы болайық!

Біздің жұмысымыз – айқын, қоғам алдында ешнәрсені жасырмай, ашық айтамыз. Болашақта да солай болады.

Бүкіл күш жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз керек", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, 13 шілде елімізде коронавирустан қайтыс болғандарды Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1864020-tokaev-densaulyk-saktau-zjesi-indetke-tojtarys-beruge-dajyn-bolgan-zok/