RU

Алматыда дәріхана басшысы тексеруге келген депутатты сыртқа қуып шықты

Алматыда кей дәріханалар препараттарды екі есе қымбатқа сатып жатыр. Тексеру жұмыстарын жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі осыған көз жеткізді. Ведомство сонымен қатар әлеуметтік қашықтық сақталмағанын және тағы басқа олқылықтарды анықтаған деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Sputnik / Тимур Батыршин
Sputnik / Тимур Батыршин: Instagram

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, тосыннан келген тексерушілерді күтпеген қызметкерлер біраз әбігерге түскен.

Тіпті дәріхана басшысының өзі сынай келген қызметкерлер мен депутатты далаға алып шығыпты. Осылай, "талапқа сай жұмыс істеп жатырмыз" деп дәрі бағасы бекітілген қағазды көрсетуден бас тартқаны белгілі болды.

"Жоқ, рұқсат бермеймін. Барлығы жұмыс істеп жатыр. Кезекке тұрыңыз да, бағасын біліңіз. Біз тек қала әкімдігіне бағынамыз және тек соларға есеп береміз. Ал сіздерге мұнда айтып тұрмаймыз", - деді дәріхана басшысы.

Олар "бағаны бақылауда ұстап отырмыз, шекті бағада шектен шықпадық" дейді. Сонымен қатар мұндағы кейбір дәрінің жоқтығына халықтың өзін кінәлап отыр.

"Парацетамол 125 теңге. Сумамед 5600, зитмак 4900 теңге. Бұл айтып тұрған бағаларым 500 мг. Тамифлю 9990 теңгеден болды. Бірақ қазір жоқ. Гипарен де жоқ. Сұраныстағы дәрілер келе салысымен, бір-ақ күнде таусылып кетуде. Өйткені адамдардың өзі көптеп сатып алып, өзгелерге жетпей қалады", - деді бөлім меңгерушісінің орынбасары Оксана Aлиева.

Алматы қаласының тұрғыны таңертеңнен бері күн астында тұрып кезек күткені зая кеткенін айтты.

"Міне, бүгін сағат 10-нан бері дәріхана аралап жүрмін. Бұл 15-ші дәріханам. Орталық дәріханаға келіп тұрмын. Ешқандай дәрі жоқ. Тек парацетамол бар дейді. Іздеген дәрімнің ешқайсысы жоқ. Парацетамол үшін үш сағат бойы кезекте тұрмын", - дейді қала тұрғыны.

Ал халық қалаулысы Ирина Смирнова оңтүстік астанадағы дәріханалар жағдайы туралы айтып берді.

"1800 теңге тұратын антибиотик қазір 2600 теңгеден сатылып жатқанын байқадық. Барған дәріханалардан дәрілер бағасының бекітілген қағазын сұрадық. Барлығында жоқ деген жауап.
Демек өз бетімен баға қойып, қымбатқа сатуы ғажап емес. Бұл жағдайды шұғыл түрде өзгертіп, шешімін табу керек. Енді әкімдік пен ішкі істер министрліктеріне ресми хат жолдайтын боламыз", - дедң парламент мәжілісінің депутаты.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске сала кетсек, осыған дейін Шымкент тұрғыны тегін таратылуы тиіс дәрілерді сатып келгені анықталған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1864064-almatyda-drihana-bassysy-tekseruge-kelgen-deputatty-syrtka-kuyp-sykty/