RU

Алты баланың анасы: Ақтөбеде пневмониядан қайтыс болған медбике туралы білесіз бе

Ақтөбе облысы Байғанин аудандық ауруханасының медбикесі Құлай Егеубай 55 жасында өкпе қабынуынан көз жұмды. Өмірінің соңына дейін індетпен күрескен марқұмның қызы облыс әкімінің қолынан анасына берілген "Құрмет" орденін алды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ақтөбеде пневмониядан көз жұмған медбикеге "Құрмет" ордені берілді
Фото: Жеке мұрағат: UGC

Құлай Егеубай медицина саласында 35 жылдан аса еңбек етіп, алты бала тәрбиелеген.

"Менің анам ақжарқын, көпшіл, кеңпейіл жан еді. Біз есімізді білгелі анамызды тек ақ халатпен көріп келеміз. Мамандығын жақсы көретін. Бір айдың көлемінде ауырды. Өмірінің соңғы екі аптасында дерті асқынып, ауруханаға жатуға тура келді. Қайтар кезден бір күн бұрын ғана видео қоңырау арқылы сөйлестік.
Аппаратта жатса да "Жағдайым жақсы" деп бізге ештеңе айтпады. Өмірден өткен анама берілген марапатты қолыма алғанда ерекше сезімге бөлендім. "Осындай адамның қызымын" деп кеудемді мақтаныш кернеді. Әттең тек анам тірі болса ғой", - дейді қызы Әсел Бақытжанқызы.
Ақтөбеде пневмониядан көз жұмған медбикеге "Құрмет" ордені берілді
Фото: Жеке мұрағат: UGC

Отбасы 1992 жылы Моңғолиядан көшіп келген. Құлай Егеубай елге келгелі Байғанин аудандық ауруханасында еңбек етті. Медбике күміс алқа иегері: бес қыз, бір ұлдың анасы. Кенжесі 19 жаста. Төрт баласын аяққа тұрғызған.

"Бәрімізді де жоғары оқу орнына түсірді, жақсы тәрбие берді. Ең кішкентай сіңілім биыл диплом алуға барайын деп отырған. Інім Нұр-Сұлтан қаласында Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті. Анам "ұлымның қызығын көрсем, арманым жоқ" дегенді жиі айтатын. Сол арманына жете алмай кетті.
Анамыз айналаларыңа көмектесіңдер, біреумен сөз таластырып ренжіспей, күлімсіреп жүріңдер деп айтып отыратын. Дүние қолдың кірі, қызықпаңдар, абыройлы болуды ойлаңдар деген өсиетін кешегі күнге дейін айтып жүрді", - дейді марқұмның қызы.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин екі бірдей медицина қызметкерлерінің жақынындарына марқұмдардың атына берілген марапатты табыстады.

Ақтөбеде пневмониядан көз жұмған медбикеге "Құрмет" ордені берілді
Фото: Жеке мұрағат: UGC
"Осындай қиын қыстау кезеңде біздің дәрігерлер дертпен бетпе-бет келді. Өкінішке қарай, бұл күресте медицина қызметкерлерінен де айрылып қалып жатырмыз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өмірінің соңына дейін борышын өтеген дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалап, облыстық клиникалық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Қалихан Есбосынұлы Қозбағаровқа қайтыс болғаннан кейін "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын беру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл еліміз бен отандық денсаулық сақтау саласы үшін орны толмас қасірет",- деді облыс әкімі Оразалин.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбеде пневмониядан көз жұмған дәрігердің ұлы жанайқайын жеткізген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1864974-alty-balany-anasy-aktbede-pnevmoniadan-kajtys-bolgan-medbike-turaly-bilesiz-be/