Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кешіктіруге болмайды": Атыраулық танымал тұлғалар Тоқаевқа ашық хат жазды

Опубликовано:

Атырау облысының мемлекеттік қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен белсенділері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, коронавирус инфекциясы өршіп тұрған өңірге шұғыл көмек көрсетуді өтінді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Хаттың толық мәтіні Ақ Жайық газетінде жарық көрді.

Онда Атырау облысының басына қара бұлт үйіріліп, коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар саны күн санап артып жатқаны жазылған.

"Атырау облысы науқастар санының өсу қарқыны бойынша елде көш бастап тұр. Күніне жүздеген адам аурухана төсегіне таңылуда. Ал стационарларда адамдар қырылып жатыр.
Бізде бұл трагедия тауқыметін тартпаған адам аз. Аймақты үрей, шарасыздық билеп тұр. Ауруханаларда мүлде орын жоқ деуге болады. Ал жедел жәрдем шақырылған уақыттан 4-5 сағаттан кейін келеді", - делінген хатта.

Мемлекеттік қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен белсенділері барлық емханалар жабылғанын, әсіресе Қызылқоға, Мақат аудандарындағы жағдай қиын екенін жеткізген.

"Қасым-Жомарт Кемелұлы, жоғарыда баяндалған жағдайды ескере отырып, бізге өзге елдерден келген (Ресей, Оңтүстік Корея және т.б.) дәрігерлерді жіберуіңізді сұраймыз. Атырау облысы коронавирус инфекциясымен күресуде тәжірибесі бар дәрігерлер көмегіне мұқтаж. Өкінішке қарай, жағдай өте ауыр. Кешіктіруге, кейінге қалдыруға мүлде болмайды", - дейді олар.

Хатқа қол қойғандардың арасында Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек сіңірген заңгері Ирак Елекеев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, күйші Айгүл Үлкенбаева, этномузыкант, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Еділ Құсайынов, композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ринат Гайсин, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сембек Жұмағалиев, "Құрмет" орденінің кавалері Әділ Қойтанов, белгілі әнші Жанна Орынбасарова, қалалық мәслихат депутаты, заңгер Салтанат Рахимова, қоғам қайраткері Ерлан Күмісқалиев, Журналистер Одағының мүшесі, "Айқын" газетінің меншікті тілшісі Тұрсын Қалимова бар.   

Айта кетейік, осыған дейін мемлекет басшысы елдегі коронавирус жағдайына байланысты карантин режимі тағы екі аптаға ұзартылатынын мәлімдеді.

"Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин режимі тағы екі аптаға созылып, шілденің соңына дейін жалғасады. Ертең үкіметтік комиссия шешім қабылдайды. Азаматтарымыз денсаулығын сақтау үшін карантиннің негізгі талабы өзін-өзі оқшаулау шарасын қатаң ұстануы қажет", - деп жазды ол.

Одан бөлек, президент шілде айында мұқтаж жандарға 42 500 теңге төленетінін хабарлады.

"Қазір жағдайдың реттеле бастағанының алғашқы нышандары байқалады. Ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор. Мұқтаж жандарға үкімет шілде айына 42,5 мың теңге төлейді", - деп жазды президент желіде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1865011-kesiktiruge-bolmajdy-atyraulyk-tanymal-tlgalar-tokaevka-zanajkajyn-zetkizdi/

pixel