RU

Шымкентке Ресейден дәрігерлер келді

Шымкент қаласына Ресейден бір топ дәрігер келді. Сапарларының мақсаты – коронавирустық инфекциямен күрес бойынша тәжірибе алмасу. Сондай-ақ олар COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы күресу бойынша консультациялық-әдістемелік көмек көрсетеді.

Шымкентке Ресейден дәрігерлер келді
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі: Facebook

Дәрігерлердің арасында инфекционист, реаниматолог, анестезиолог-реаниматолог, эпидемиологтар бар.

Шымкентке Ресейден дәрігерлер келді
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі: Facebook

Қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы топпен кездесіп, қаладағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайды баяндады. Сондай-ақ, бірлесе жұмыс жасауда табыс тіледі.

«Бүгінгі таңда әлем бойынша дәрігерлер коронавирустық инфекцияны емдеудің жаңа әдістерін зерттеп, өзара тәжірибе алмасуда. Мемлекеттер арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында біліктілік арттырып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болып отыр. Осы орайда, Сіздерді Шымкент қаласында көріп отырғанымызға қуаныштымыз», - деді Мұрат Әйтенов.

Ресейден келген дәрігерлер 3-4 топқа бөлініп, белгілі бір ауруханаға бекітілетін болады.

Шымкентке Ресейден дәрігерлер келді
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі: Facebook

Бүгінде Шымкент қаласында короновируспен күрес бойынша ем алу шараларын жүргізуге 3264 медицина қызметкері жұмылдырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1865038-symkentke-resejden-drigerler-keldi/