RU

"Халықпен бірге жыладық": Ақтөбелік дәрігер бір күнде 300 адамға қалай қызмет көрсеткендерін айтып берді

Ақтөбе медициналық орталығы қабылдау бөлімінің терапевт-дәрігері Әйгерім Түктібаева өңір тұрғындары бастан өткізген қиын кезеңді айтып берді. Дәрігердің сөзінше, ауруханаға бір күнде 300 адам түскен кездер болған. Маман күніге көз алдында жан тапсырып жатқан 5-6 адамның өлімін көрген деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Әйгерім Түктібаева. Фото жеке мұрағаттан
Әйгерім Түктібаева. Фото жеке мұрағаттан: Depositphotos

Бүгінгі күні індеттің беті қайтып келе жатқанын айтқан Әйгерім Түктібаева тұрғындардан сақтық шараларын сақтауды сұрайды.

"Ескертілген карантиндік талаптарды сақтап, үйде отырған дұрыс. Дерті асқындырмау керек. Осыдан бір ай бұрынғы жағдай әлі есімізде. Бір күнде жедел жәрдеммен және өздіктерінен келіп қаралатындар саны 300 адамға дейін жетті. Бәрі де ауруды асқындырып алған. Үйлерінде емделген. Араларында жастар да бар.

Науқасқа көмектесе алмаған кезде өзіміз де қиналып кетеміз. Қабылдау бөлімінде екі дәрігер, алты медбике, алты медицина қызметкері үлгермей жатты. Арнайы перделерге былайғы күндері екі-үш адамнан отырғызсақ, жағдай ушыққан кезде әрқайсысына 10 адамнан кіргіздік. Соның өзінде дәлізде отырғандар болды", - дейді терапевт-дәрігер.

Жас маман үш жылдан бері облыстық аурухананың қабылдау бөлімінде жұмыс істейді.

"Пандемия басталғалы жұмысқа күндіз-түні шығамыз. Арнайы киімімізді төрт сағат сайын ауыстырамыз. Бір күнде 5-6 адамның өлімін көрдік. Халықпен бірге жыладық. Қиын. Көп адамдар дәрігерлерді кінәлады. Науқастың туыстары балағаттап, қол көтеруге дейін барады. Ондай жағдайлар көп болды. Ешкімге де оңай болған жоқ.
Көз алдарында жақындарының қиналғанын көру оларға да оңай емес. Эмоцияға берілді. Бірақ қазір жағдай жақсарды. Аурудың беті қайтып келеді. Емдеуде де нәтиже бар. Қазір алғыс айтып жатқандар көбейді", - дейді дәрігер.

Айта кетейік, Әйгерім Түктібаева бүгін Ақтөбе облысы әкімінің қолынан баспана кілтін алды.

Еске сала кетсек, соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 66 895-ке жетіп отыр. Олардың 2649-ы Ақтөбе облысынан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1865477-halykpen-birge-zyladyk-aktbelik-driger-bir-knde-300-adamga-kalaj-kyzmet-krsetkenderin-ajtyp-berdi/