RU

Қайрат Жолдыбайұлы: Аз ғана қазақ қырылып қалмасын десек, тойды тоқтатыңдар

Қазақстандық белгілі дінтанушы, имам Қайрат Жолдыбайұлы әлемде миллиондаған және елімізде мыңдаған адамның өмірін қиған қауіпті індетке байланысты маңызды үндеу жариялады. Қоғам белсендісі қалың көпшіліктен той-томалақты доғарып, жаназаға бармауды сұрады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

қайрат
Қайрат Жолдыбайұлы. Фото: kazislam.kz: Instagram
"Жаназа көбейді. Күн сайын қаралы хабарды естіп, жүрегіміз ауырып, көңіліміз құлазып, қабырғамыз қайысуда.

Өкінішке қарай, әлі күнге дейін ауыл-ауылда, тіпті қалада құдалық сияқты той-томалақ үзілмей, жалғасып жатыр. Соны доғарыңыздар. Болмайды.

Сіздер той жасап, сауап аламыз деген кезде, ол күнәға айналып кетіп жатыр. Себебі сол қуанышқа келген кісілердің арасынан осынау дертке шалдығып, қаншама адам мына дүниемен қоштасып жатыр. Сондықтан той-томалақты, құдалық секілді рәсімдерді доғарыңыздар!

  • Қазір жаназа көп. Ет жақыны болмасаңыздар, жаназа рәсімдеріне де бармаңыздар.

Былайғы уақытта жаназаға бару мұсылмандық сауапты іс болса, дәл осындай індет жағдайында үйде отырып, өліге құран бағыштап, дұға жасап отыру - сол сауапты іс.

Құрметті жаназа иелері, ағайын-туысқа: "біз сіздерді түсінеміз, жаназаға келмей-ақ қойыңыздар, мына індет біткеннен кейін өлімге қатысты барлық рәсімді жасаймыз, сол кезде келіңіздер", - деп айтыңыздар.

Аз ғана қазақ қырылып қалмасын десек, той-думанды тоқтатыңыздар, жаназаға бармаңыздар", - деп сөзін аяқтады Жолдыбайұлы.

Естеріңізге сала кетсек, соңғы мәліметтер бойынша, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 1808 адам тіркелген болатын.

Осылайша, қазіргі таңда Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 68703-ке жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1865536-kajrt-zoldybajly-az-gana-kazak-kyrylyp-kalmasyn-desek-tojdy-toktatydar/