RU

Қазақстанда жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты іс қозғалды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен білім және ғылым министрлігінің жоғары лауазымды екі шенеунігіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев алқа отырысында мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов: Original

Шпекбаев "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын іске асыру барысында бюджет қаражатына қол сұғушылықты болдырмау үшін жобаны жіті бақылауда ұстау керектігіне назар аударды.

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде екі шенеунікке қатысты қылмыстық іс қозғалған. Олар – цифрлық даму министрлігі мен білім министрлігінің жоғары лауазымды қызметкерлері.

Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекет басшысының жарлығымен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің қызметінен босатылғанын хабарлағанбыз.

Күні кеше ведомствоның бірінші вице-министрі лауазымына Бағдат Мусин тағайындалған еді. Енді ол уақытша министрдің қызметін атқаратын болады.

Сондай-ақ кеше үкімет қаулысымен Әсел Жанасованың сауда және интеграция вице-министрі қызметіне тағайындалғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1865965-kazakstanda-zogary-lauazymdy-seneunikterge-katysty-is-kozgaldy/