RU

Қарағанды облысының тұрғындары ауруханаға 800 литрге жуық қымыз жіберді

Медики в защитных костюмах
Фото: Жас Алаш: Instagram

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тұрғындары коронавируспен емделіп жатқан науқастарға 800 литрге жуық қымыз жинап берген. Бұндай шараны "Жастар" ресурстық орталығы жанындағы еріктілер лигасының жетекшісі 22 жастағы Асхат Алтел бастаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Жас Алаш газетіне сілтеме жасап.

"Эстафета басталысымен айналасы екі сағаттың ішінде Байдалы би ауылдық округінің тұрғындары 24 литр саумал әкеп тапсырды. Ертеңінде Ақтөбе ауылдық округіндегі жерлестеріміз бізді қолқалап шақырып, қолымызға 53 литр қымыз ұстатып жіберді. Жаны жомарт, ақжүрек ауыл азаматтары мұнымен толастамады. Артынша қанатына су сепкен қарлығаштай, қалың қазақ қоныс тепкен Ералиев ауылдық округінің азаматтары "Тар төсекте тарығып жатқан жақындарымыздың тәніне шипа дарытсын" деген тілек айтып, 700 литр қымызды арытып әкелді, – деді жастар көшбасшысы.

Басылым таратқан ақпаратқа сәйкес, еріктілер 500 литр емдік сусынды Қарағандыдағы және 320 литр қымызды Жезқазғандағы жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіпті.

Еске сала кетсек, өткен тәулікте елде 1630 адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Оның ішінде клиникалық белгілері жоқ 745 тасушы тіркелді. Осылайша, елде COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 73468-ге жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1865968-karagandy-oblysyny-trgyndary-auruhanaga-800-litrge-zuyk-kymyz-ziberdi/