RU

Министр неліктен стационарда видео түсіруге болмайтынын түсіндірді

Денсаулық сақтау ведомствосының басшысы Алексей Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг барысында неліктен стационарда бейнетүсірілім жасауға тыйым салынғанын түсіндіріп берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Көрнекі сурет: pixabay.com
Көрнекі сурет: pixabay.com: Facebook
"Негізі, медициналық стационарларға телефонды алып кіруге болады. Ол жағынан ешқандай шектеу жоқ. Бірақ бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысы бойынша телефонның камерасы арқылы бейнетүсірілім жасауға тыйым салынған", – деді ол.

Айтуынша, ондай шешім бірінші кезекте пациенттердің жеке құқықтарын қорғау мақсатында қабылданған. Себебі, стационарда көп жағдайда науқастардан рұқсат сұрамай, ұялы телефонға түсіріп жатады.

"Біреулер киімсіз жатады. Енді біреулер ем-дом алғанын ешкім білмесе екен дейді. Ал кейбіреулері дәрменсіз халде жатады. Ондайда рұқсат берудің өзі қиын. Бұның бәрі – этикадан туындайтын мәселелер. Сол себепті науқастардың құқықтарын қорғау мақсатында стационарда бейнетүсірілім жасауға тыйым салынды", – деп түсіндірді министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алексей Цой қазақстандықтарға үндеу жасап, денсаулық сақтау жүйесіне көмектесулерін сұраған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866053-ministr-nelikten-stacionarda-video-tsiruge-bolmajtynyn-tsindirdi/