RU

Асқар Жұмағалиев өз отставкасына қатысты пікір білдірді

Бұрынғы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев өз отставкасына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Асқар Жұмағалиев өз отставкасына қатысты пікір білдірді
Фото: primeminister.kz: UGC

"Мені бұл лауазымға тағайындағанда құттықтаушылар көп болды, ал кеткен кезде қолдаушылардың одан да көп екенін көріп, таң қалып отырмын. Телефон соғып, хабарлама жазып басымыздан кешкен оқиғаларды есіме салдыңыз, өте ризамын.

Кейбіріңізбен мемлекеттік мүдделерді қорғауда бірге жұмыс істесек, енді біріңізбен жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асырдық, тағы біріңіз қызықты шешімдеріңізбен бөлістіңіз. Әріптестер, достар, "цифрлық комиссарлар", пікір білдірушілер, азаматтар, менің соңғы жылдары айналысқаным – бұл біздің бірлесе атқарған жұмысымыз",- деді экс-министр.

Сондай-ақ, Жұмағалиев министрлік ұжымына алғыс білдірді.

"Бәріміз нәтижелі жұмыс істедік деп ойлаймын. Оның бәрін тізбектеп айтпай-ақ, өздеріңіз де білесіздер. Қазір қызметкерлер туралы айтқым келіп отыр. Мен министрлік ұжымының, ведомстволық бағынысты ұйым қызметкерлерінің әрбір қызметті цифрлау үшін, әрбір интеграция үшін және олардың қазақстандықтардың өмірін жеңілдетудегі маңызы мен қажеттілігін дәлелдеуге күш салғанын, бар ынта-жігерімен жұмыс істегеніне куә болдым. Сіздерге басымды иіп, зор алғысымды білдіремін.

Осы ФБ-да мүмкіндігінше ашық болуға тырыстым, жоспарларымызбен бөлісіп, нәтижелеріміз туралы жаздым. Бұл көпшілік үшін пайдалы болды деп үміттенемін. Дос болғаныңыз үшін, бірқатар мәселені шешуге көмектескен пікірлеріңіз үшін, идеяларыңыз үшін көп рахмет. "Цифрлық комиссарлар" – біздің тәуелсіз сарапшыларымызға алғысым шексіз, қоғам белсенділері мен ҮЕҰ басшыларына, блогерлерге тұрақты фидбек үшін көп рахмет, халықты біздің жұмысымыздан үнемі хабардар етіп отырған журналистер қауымына және біздің бастамаларымызға қолдау білдіргені үшін депуттарға зор алғыс.

Бастамалары мен Қазақстанды цифрландыру үдерістерін үнемі қолдағаны үшін Елбасыға, Президентке және сіздердің әрқайсыңызға соңғы жылдары маған артқан сенім мен көрсеткен қолдауларыңыз үшін алғысымды білдіремін. Бағдат Мусинге сәттілік тілеймін, сала сенімді қолда!",- деп жазды ол.

Айта кетейік, осыған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі болып тағайындалған әрі уақытша министр қызметін атқаратын Бағдат Мусин жаңа лауазымына қатысты пікір білдірген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866110-askar-zmagaliev-z-otstavkasyna-katysty-pikir-bildirdi/