RU

Күйеуінен ажырасқан келіншек қыз жасауын сот арқылы қайтарып алды

Түркістан облысында күйеуімен ажырасып кеткен келіншек қыз жасауын сот арқылы қайтарып алатын болды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: ernur.kz
Көрнекі фото: ernur.kz: Facebook

Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының тұрғыны өткен жылдың қараша айында көрші ауылдың 30 жастағы жігітіне тұрмысқа шыққан. Қыздың туыстары ұзату тойын өткізіп, қыз жасауын жасап екі жасты шығарып салған.

Екі жақ та құдалық рәсімін өткізіп үлгірген. Алайда екі жас некелерін заңдастырмай жатып айырылысып кеткен. Ақпан айынан бері күйеуімен бірге тұрмайтын келіншек ұзатылғанда артынан келген қыз жасауын қайтарып алғысы келгенімен жолдасы оны бермей қойған.

Шарасыз қалған әйел күйеуінің үстінен шағымданып, мұлкін кері қайтарып алмақ болып Түлкібас аудандық сотына арызданды. Судья екі тарапқа түсіндіруінің нәтижесінде азаматтық іс медиациямен аяқталды. Яғни азамат бұрынғы келіншегіне қыз жасауын, яғни құны 270 000 теңге тұратын жатын жихазын шілденің 25-не дейін қайтарып беретін болды. Немесе жасауды алып кетерде қарсылық танытпауға міндеттелді.

"Өз кезегінде талапкер Н. өзінің талап қою арызынан бас тартып, істі тоқтатуды сұрады.Талап қоюшы Н нің жауапкер Ж.ға қатысты қыз жасауын қайтару туралы талап арызымен қозғалған азаматтық іс, тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келуіне байланысты тоқтатылды. Талап қоюшы Н. мемлекеттік бажға төлеген (2700 теңге) талапкерге кері қайтарылды,"- деп мәлімдеді Түлкібас аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866142-kjeuinen-azyraskan-kelinsek-kyz-zasauyn-sot-arkyly-kajtaryp-aldy/