RU

Ресейде коронавирусқа қарсы вакцинаның сынағы аяқталды (видео)

COVID-19-ға қарсы ресейлік вакцинаны сынақтан өткізу аяқталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаның сынағына қатысқан еріктілер үйлеріне қайтты. Мамандар сынақ аяқталғанымен, оның нәтижелері туралы айту әлі ерте екенін жеткізді.

Еріктілер қорытынды тексеріс үшін бірнеше апта бойы жатқан Бурденко госпиталіне қайта шақырылады.

Анализ қорытындылары Гамалея атындағы зерттеу орталығына жіберіледі. Вирусқа қарсы препарат дәл сол жерде әзірленген болатын. Содан кейін ғана елдің денсаулық сақтау министрлігі вакцинаны мақұлдау немесе мақұлдамау жөнінде шешім қабылдайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздің денсаулық сақтау министрі орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг барысында қай мемлекеттерден коронавирусқа қарсы вакцина сатып алуды жоспарлап отырғанын айтып берген еді.

Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстан вакциналарды түрлі елдерден алу мүмкіндігін қарастырып отыр. Алдымен олар клиникалық сынақтардан өтуі тиіс.

Сондай-ақ ол еліміздің Қытайдан да вакцина алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын тілге тиек етті. Бұл вакцина Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлесіп жасалуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866163-resejde-koronaviruska-karsy-vakcinany-synagy-aaktaldy-video/