RU

"Әкем, досым, ағам және бапкерім болдың": Хабиб алғаш әкесінің өлімі туралы айтты

Жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов әкесі қайтыс болғаннан кейін алғаш рет Instagram желісінде жазба жариялады. Спортшы асқар тауы Абдулманап Нурмагомедовті еске алып, оған әсерлі сөздерін арнаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: Instagram/Хабиб Нурмагомедов
Фото: Instagram/Хабиб Нурмагомедов: Depositphotos

Ресейлік спортшының Instagram желісіндегі ресми парақшасында әкесі Абдулманаппен түскен суреті пайда болды. Фотодан Хабибтің асқар тауын құшақтап тұрғанын байқауға болады.

"Сен менің әкем, досым, ағам және жаттықтырушым болдың", - деді ол фото астындағы жазбасында.

Сонымен қатар Хабиб әкесінен көп нәрсе үйренгенін жеткізген.

"Сен маған риза болдың деп ойлаймын", - деді файтер.

Еске сала кетсек, сәуір айының соңында Абдулманап Нурмагомедов Дағыстанда ауруханаға түскені хабарланды. Алайда ауруханаға жатқызу себебі айтылмаған болатын. Кейінірек жаттықтырушыға пневмония диагнозы қойылғаны белгілі болды.

Басылым беттерінде оның комаға түскені жарияланды. Кейін бапкердің досы, спорт комментаторы Рамазан Рабаданов Абдулманап Нурмагомедовтың есін жиғанын, алайда біраз емделу керектігін мәлім еткен болатын.

Ал шілде айының басында UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедовтың әкесінің қайтыс болғанын жазған болатынбыз. Суыт хабар жайлы Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866284-kem-dosym-agam-zne-bapkerim-boldy-habib-algas-kesini-limi-turaly-ajtty/