RU

"Той өткізуді жалғастыруда": Есмағамбетова карантин режимін бұзғандар туралы айтты

ОКҚ-да өткен онлайн-брифинг кезінде елдің бас санитарлық дәрігері тыйым салынғанына қарамастан қазақстандықтардың үйлену тойлары мен басқа да мерекелік шараларды өткізіп, бір-біріне коронавирус жұқтырып жатқанын хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Той өткізуді жалғастыруда": Есмағамбетова карантин режимін бұзғандар туралы айтты
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, 5-23 шілде аралығында бақылау топтары жүргізілген рейдтер барысында бизнес өкілдеріне ескертулерді жою бойынша 16 мыңнан астам ұсыныс берілген. 742 нысан қызметін өздігінен тоқтатқан.

Оның сөзінше, маска режимі, әлеуметтік арақашықтықты сақтау талаптары бұзылған. Сонымен қатар, карантин жағдайында қызметіне тыйым салынған нысандардың жұмыс істеп жатқаны анықталған. Тіпті, кейбір құқық бұзушылар қызметкерлерін маска және антисептиктермен қамтамасыз етпеген.

5 шілдеден бастап 495 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 миллион теңгеден астам айыппұл арқалаған.

Ал бәрінен жиі карантин режимін Алматы қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары бұзуда екен. Еліміздің басқа аймақтарында бұндай жағдайлар сирек тіркелуде.

Сонымен қатар, Есмағамбетованың сөзінше, полиция жаппай отбасылық мерекелерді ұйымдастырушыларды да анықтауда.

"Өкінішке қарай, тыйым салынғанына қарамастан, кейбір азаматтар үйлену тойларын, ұзату тойларын немесе туған күн кештерін өткізуді жалғастыруда. Әрине, бұл инфекция жұқтыру мен оның таралуын қаупін тудырады. Себебі көп қонақ шақырылады. Оның ішінде өзге өңірлерден келгендер де болады. Олар мерекеден кейін үйлеріне қайтқан соң, өздері ғана жұқтырып қоймай, инфекцияны еліміздің өзге өңірлерінде таратуы мүмкін", - дейді еліміздің бас санитарлық дәрігері.

Есмағамбетованың айтуынша, мұндай бұзушылықтар Алматыда, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында анықталған. Отбасылық мерекелерді ұйымдастырушылардың барлығы әкімшілік жазаға тартылған.

Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди полицияның 30-дан астам адам жиналған мерекелік және еске алу шараларын өткізудің 48 фактісін анықтағанын мәлім етті.

"Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы SPA салондарында көптеген адамның қатысуымен іс-шаралар өткізілгені анықталды. Сондай-ақ, Қарағандыдағы "Чайка" мейрамханасында 30 адамның қатысуымен үйлену тойы өткен. Осыған ұқсас құқық бұзушылық жағдайы Теміртауда "Жанар" мейрамханасында анықталды. Мұнда 30 қонақтың қатысуымен мерейтойды атап өткен. Сәтбаев қаласындағы "Ханзада" мейрамханасында 50 адамның қатысуымен үйлену тойын өткізген", - дейді Калайчиди

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Айжан Есмағамбетова екінші тамыздан кейінгі карантин шараларына қатысты өз болжамдарын айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866398-toj-tkizudi-zalgastyruda-esmagambetova-karantin-rezimin-bzgandar-turaly-ajtty/