RU

Тоқаев Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы оқиғаларға байланысты кеңес өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан және Қарағанды облыстарындағы жағдайға байланысты кеңес өткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда: Depositphotos

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

"Мемлекет басшысы Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы оқиғаларға байланысты Президент Әкімшілігінің басшылығымен, Түркістан және Қарағанды облыстарының әкімдерімен, құқық қорғау органдарының басшылығымен кеңес өткізді.

Дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы жағдай тұрақталды. Тәртіпсіздіктің қайталануына ешқандай себеп жоқ. Президент жағдайды бақылауда ұстап, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, ел ішіндегі тұрақтылықты бұзуға талпынған арандатушылардың алдын алуды, құқық бұзушыларды заң аясында жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Сонымен қатар ол аталған аймақтардағы халықтың ең басты әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктеріне назар аудару керек екенін айтты. Ал құқық қорғау органдарына кәмелет жасына толмаған қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталған Сәтбаев қаласының тұрғынына қатысты тергеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, оның қорытындысы туралы жұртшылыққа нақты ақпарат беру туралы тапсырма берді", - деді ол.

Еске сала кетсек, осыған дейін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сәтпаев қаласы мен Шорнақ ауылындағы жағдайларға түсініктеме берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866541-tokaev-sornak-auyly-men-stbaev-kalasyndagy-okigalarga-bajlanysty-kees-tkizdi/