RU

Қасымбек: Бес жасар қызды ұрлау ісі Тоқаевтың жеке бақылауында

Сәтбаев қаласында бес жасар қызды ұрлау ісі ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аймақ тұрғындарына арналған бейне-үндеуде хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Қасымбек: Бес жасар қызды ұрлау ісі Тоқаевтың жеке бақылауында
Жеңіс Қасымбек. Фото: www.gov.kz: Twitter

Облыс әкімі күдіктінің ұсталғанын, қазір барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Бүлдіршін ата-анасымен бірге үйінде.

Өңір басшысы баланың денсаулығын үздік мамандар қадағалайтынына сендірді.

"Өкінішке орай, Сәтбаевта оқиға орын алған түні кінәсіз адамдарға зиян келтірілген. Тәртіп бұзушыларды тоқтату үшін жеке құрам оқиға орнына жұмылдырылды. Мен азаматтарымыздың жүрегінде наразылық толы екенін түсінемін және келісемін. Бірақ біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, сондықтан да эмоцияларымызды ұстап, болған жағдайды құқықтық алаңда қарауымыз керек", - деді Жеңіс Қасымбек.

Ол сондай-ақ тергеу аяқталғаннан кейін кінәліні қатаң жаза күтіп тұрғанын атап өтті.

Еске сала кетсек, 24 шілдеге қараған түні Сәтбаев қаласында 5 жастағы қыз бала жоғалып кетіп, кейін бөтен пәтерден табылған болатын. Қыз баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама Сәтбаев қаласының полиция департаментіне 23 шілде күні 21.00-де түскен.

Ведомство мәліметінше, тәртіп сақшыларынан қыз баланың әкесі көмек сұрап, жүгінген. Осыдан кейін қалалық полиция департаментінің жеке құрамы мен еріктілер іздеу шараларына көшіп, нәтижесінде қыз бала көпқабатты үйдің пәтерлерінің бірінен табылған.

Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстаған, алайда жергілікті тұрғындар оны өздеріне беруді талап еткен.

Кейінірек Сәтбаев қаласының әкімдігі үндеу жасап, жергілікті тұрғындарды сабырға шақырды.

Сонымен қатар, ішкі істер істер министрі Ерлан Тұрғымбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте осы шулы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.

Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан және Қарағанды облыстарындағы жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866626-kasymbek-bes-zasar-kyzdy-rlau-isi-tokaevty-zeke-bakylauynda/