RU

Шорнақтағы тәртіпсіздікке қатысы бар төрт арандатушы ұсталды

Шорнақтағы тәртіпсіздікке қатысы бар төрт арандатушы ұсталды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өз Facebook парақшасында жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Шорнақтағы тәртіпсіздікке қатысы бар төрт арандатушы ұсталды
Видеодан кадр: UGC

Өңір әкімі орынбасарының айтуынша, Өмірзақ Шөкеев күні кеше Шорнақ ауылы тұрғындарымен кездесу барысында арандатушылардың міндетті түрде табылатынына уәде берген.

Ал бүгін полиция қызметкерлері алты күдіктінің төртеуін қолға түсіргені белгілі болды. Олар әлеуметтік желі арқылы басқаларды заңсыз әрекеттерге шақырған. Қазір қалғандары іздестіріліп жатыр.

21 шілдеге қараған түні Кентау қалалық әкімшілігіне қарайтын Шорнақ ауылында тұрғындар арасында кикілжің туындаған. Кейіннен олардың бірінің үйіне автокөлік мінген белгісіз тұлғалар келіп, тас лақтырған.

Салдарынан үш адам зардап шеккен. Сондай-ақ, оқиға орынна бірінші болып жеткен учаскелік полицей жарақат алды. Полицияда хабарлағандай, келесі күні бейтаныс тұлғалар көрші ауылдағы тұрғындарды заңға қайшы әрекеттер жасауға шақырған. Алайда, олардың жолы кесілді.

Осыған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары елді мекенде тәртіп сақшылары осындай үндеулерден кейін жиналған 80 азаматты ұстағанын хабарлаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866688-sornaktagy-trtipsizdikke-katysy-bar-trt-arandatusy-staldy/