RU

Нұр-Сұлтанда дәрі-дәрмек бағасын көтеріп сатқан 50 тұлға жауапқа тартылды

Елордада құзырлы орган өкілдері заңсыз сатылып жатқан медициналық препараттарды тәркілеу бойынша арнайы рейд ұйымдастырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов: Original

Нұр-Сұлтан полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қалалық прокуратура өкілдері мен полицейлерден құралған бақылау тобының мүшелері заңға қайшы әрекеттерді анықтау мақсатында дәріханаларда рейд жүргізген.

"Іс-шара басталғалы медициналық дәрі-дәрмекті сату тәртібін бұзудың 84 фактісі анықталып, 96 адам ұсталды. 5 026 қап дәрі, 179 дене қызуын өлшейтін құрал мен 250 мыңнан астам медициналық маска және 20 мыңға жуық медициналық қолғап, 679 литр антисептик тәркіленді", – делінген хабарламада.

Тәркіленген препараттардың жалпы соммасы 19 миллион теңгені құрады. Дәрі-дәрмек бағасын көтеріп сатқан 50 тұлға жауапкершілікке тартылып, 400 дәріхана тексерілді.

Сонымен қатар, рейд жүргізген соңғы екі күн ішінде медициналық препараттардың бағасын көтеріп жіберген 11 дәріхана анықталды.

Айта кетейік, сондай-ақ бүгін қызылордалық полицейлердің дәрі-дәрмекті заңсыз сату фактілерін анықтағанын хабарлаған болатынбыз. Іс-шара барысында дәріханаларда таусылған дәрілік заттарды үстеме бағамен заңсыз сатудың 45 дерегі  анықталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866702-nr-sltanda-dri-drmek-bagasyn-kterip-satkan-50-tlga-zauapka-tartyldy/