RU

Вирустық пневмония кезінде нені ескерген жөн: Отандық дәрігер өз кеңесін айтты

Вирустық пневмонияның әдеттегі пневмониядан ерекшелігі қандай? Коронавирус ауру белгілері білінген кезде бірден компьютерлік томографияға түскен дұрыс па? Коронавирус инфекциясына антибиотик әсер етпесе, халық неліктен дәріхана кезіп кетті? Күзге қарай коронавирус инфекциясының тағы бір толқыны болуы мүмкін бе деген сұрақтарға нейрохирургия орталығының меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Фото: Baq.kz
Фото: Baq.kz: Instagram
"Қазіргі таңда жүріп жатқан пневмонияның барлығында компьютерлік томографиядан немесе рентгенде вирустық пневмонияға сәйкес келетін белгілері болса, яғни матовый шыны байқалса, оны коронавирус пневмониясы деп қабылдаймыз деген шешімге келді. Одан бөлек клиникалық көрінісі коронавирусқа келсе, иіс сезбей, тамақ құрғап, дене қызуы қатты көтерілетін болса, оның барлығын вирустық немесе коронавирус пневмониясына жатқызамыз. Коронавирусты емдеу жөніндегі соңғы №10 клиникалық хаттаманың екінші қаралуында екі диагнозды ғана қалдырды. Оның ішінде коронавирус дәлелденген пневмония және коронавирус ПТР тесті дәлелденбеген, бірақ клиникалық картинасы ұқсас пневмония деп осы екі кодты ғана қалдырды. Бұның барлығы коронавирус инфекциясынан туындаған пневмониялардың көрінісі. Басқа пневмония емес.", - деп сөзін бастады білікті маман.

Оның сөзінше, қазіргі кезде адамдардың көбісі пневмониядан үй жағдайында емделіп жатыр.

"Бұл пневмониядан емделіп шығуға болады. Класификациясы бойынша адамның өкпесі 30 пайызға дейін пневмониямен зақымдалса, ондай науқастарды үй жағдайында емдеуге болады. Оларға дене қызуын түсіретін дәрілер ғана беріледі және көп сұйықтық ішу керек. Дәрумендерді қабылдап, дұрыс тамақтану қажет. Оған қосымша емнің қажеті жоқ. Әдетте дене қызуы 4-5 күн 38,5-39 градусқа дейін көтеріліп, одан кейін қалпына келеді. 

Егер дене қызуы 5 күннен асып, өкпенің зақымдануы 50 пайыздан жоғары болса және науқасқа оттегі жетпей, сатурациясы 93-тен төмен болса, олар ауруханаға жеткізілуі керек. Одан бөлек ентікпесі 24-тен жоғары болса ол науқастар аурухана жағдайында емделеді. Сонымен қатар, қосымша сырқаттары бар және жасы 65-тен асқан науқастардың дене қызуы көтерілсе ауруханаға жатқызылуы мүмкін. Сондай-ақ оттегінің қосымша көмегін қажет ететін науқастар да ауруханада емделуі керек.   

Бердіқожаев осы орайда пневмония мен вирустық пневмонияның ерекшеліктеріне тоқталды.

"Бұған дейін медицинада кездесетін пневмония ол көбіне пневмококк инфекциясымен шақырылады. Пневмококк бактериалды инфекция және антибиотиктермен емделеді. Ал қазір тарап жатқан вирустық пневмония антибиотиктерге көнбейді. Оны тек ағзаның өз иммунитеті жеңіп шығуы керек. Қазіргі кезде жаңадан шығып жатқан вирустық дәрілер оған көмектеседі деген үміт бар. Бірақ олардың пневмонияны жеңді деген мәлімет толық болмай тұр. Сонымен қатар, интерферон және иммунитетті төмендететін дәрілер вирустық пневмония кезінде адам ағзасын өзінің антиденелері шабуылдаған кезде беріледі", - деді медицина саласының қызметкері.

Отандық дәрігер вирустық пневмония өзге адамдарға жұғады деп отыр.

"Оны реанимация бөлімінде істейтін дәрігерлердің жұқтырғанынан көруге болады. Реанимацияда өкпесінің зақымдануы 50%-дан асқан науқастар жатады. Олар вирусты ауамен бірге қоршаған ортаға бөледі. Сол кезде қасындағы кісілерді ауыртуы мүмкін", - деді нейрохирургия орталығының меңгерушісі.

Бердіқожаев адамдар неліктен дәріхана кезіп, антибиотик іздеп кеткенін түсіндіріп берді.

"Адамдардың антибиотик іздеп кетуінің бір себебі коронавирус пен вирустық пневмонияны бөліп қараудан болды. Өткен аптада Президент ПТР тесті расталмаса да вирустық пневмонияны коронавирус деп есептеу қажеттігін айтты. Бұл - өте маңызды әрі дұрыс шешім. Өйткені вирустық пневмония, оның ішінде коронавирустық пневмония антибиотиктермен емделмейді. Оның хаттама бойынша емделетін дәрілері бөлек. 

Бұрыннан келе жатқан пнемококктық пневмония жаз кезінде өте сирек кездеседі. Ол көктемде және күз кезінде болады. Сондықтан күз кезінде бізде пнемококктық пневмония қайтадан өріс алуы мүмкін. Міне, сол кезде адамдарға антибиотиктер қажет болуы мүмкін", - деді маман.

Ол коронавирус жұқтырған азаматтардың көпшілігі рентгенге түскен дұрыс па, әлде компьютерлік томографиядан өту керек пе деген сауалға да жауап қатты.

"Бірінші кезекте клиникалық көрінісі бойынша температурасы 39-ға дейін көтеріліп, бес күн бойы түспесе, ішкен парацетамол, антигриппиндер көмектеспесе, әрине, адам 4-5 күн ішінде ауруханаға түсіп қалуы мүмкін. Егер өкпесінің 50 пайызы зақымданса, оны рентгеннен де көруге болады. 

Бастапқыда адамдар арасында көптеген түсінбеушілік болып, өкпесінде 5-10% аралығында өзгеріс болған кезде компьютерлік томографияға түсіп жатты. Қазіргі таңда ондайға барудың қажеті жоқ. КТ диагнозды нақты қойғанымен, ол адам ағзасы үшін күрделі. Өкпесі 30%-ға дейін зақымданғандар ауруханаға жатқызылмайды және 2-3 аптада өкпенің зақымдануы кері қайтады. Ол КТ-дан міндетті түрде өту керек дегенді білдірмейді", - деді дәрігер.

Сонымен қатар, Бердіқожаев Covid-19 вирусынан жазылып шыққандарды да мазалайтыны мәселелер бар екенін жасырмады.

"Қазір коронавирустан емделіп шығып жатқандар көп. Сырқаты ауыр болып, көз жұмып кеткендер де бар. Дегенмен көпшілігі ауруханада ем қабылдап, үйіне шығып жатыр. Үйге шыққан соң да адамды мазалайтын бірқатар мәселе бар. Ол қатты тершеңдік, жөтел және жалпы әлсіздік. Одан бөлек иіс, дәм сезбеудің кесірінен тәбеттің жоғалып кеткенін көпшілік айтып жатыр. Бұл сиптомдар 1-2 айда өздігінен кетеді. Жөтел болған жағдайда, әрине, терапевтке қаралып, жөтелді басатын дәрілерді алдыруға болады. Вирустық инфекция кезінде тершеңдік пен әлсіздік болады, уақыт өте келе олар қалпына келеді. Сондықтан оған қосымша ешқандай шара жасаудың қажеті жоқ. Одан бөлек адамдардың кейбірінде "қайтадан ауырып қаламын ба, өкпемде бірдеңе болып жатыр ма?" деген алаңдаушылық болады. Соны жеңе білу керек, егер қолыңыздан келмесе психотерапевт дәрігерге қаралып, психокоррекция жасатса болады. Оның да пайдасы тиеді", - деді медицина қызметкері.

Отандық дәрігер сөз соңында күзге қарай коронавирус инфекциясының үшінші толқыны болуы мүмкін екенін жеткізді.

"Ондай толқын әрбір мемлекетте болуы мүмкін. Одан, әрине, Қазақстан да тыс қалмайды. Күз мезгілі - әрбір инфекцияның қозатын кезі. Сол инфекциялармен қатар коронавирус инфекциясы да қатар келіп қалуы мүмкін. Оның статистикасы қандай болатынына Денсаулық сақтау министрлігі өздері болжам жасай жатар. Менің ойымша, бізде маусым кезінде нағыз толқын болды. Енді шамамен қазан, қараша айларына қарай дәл сондай толқын болады және ол екі-үш есе жоғары болады деген ойдамын", - деп әңгімесін қорытындылады нейрохирургия орталығының меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Мыңжылқы Бердіқожав.

Еске сала кетейік, соңғы деректерге сәйкес, Қазақстан бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 80 мыңнан асты. Өткен тәулікте қауіпті індет тағы 1740 адамнан анықтаған.

Сондай-ақ бұған дейін Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов індет кезіндегі тамақтану мен гигиенаның рөлі туралы айтып берген еді.

Оның сөзінше, бірінші кезекте науқастың тамағына ерекше көңіл бөлу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866729-virustyk-pnevmonia-kezinde-neni-eskergen-zn-otandyk-driger-z-keesin-ajtty/