RU

Жамбылда 4 ауылдың әкіміне жемқорлық жасады деген айып тағылып отыр

Жамбыл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің 6 айлық жұмысы қорытындыланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жамбылда 4 ауылдың әкіміне жемқорлық жасады деген айып тағылып отыр
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ә. Әшірбаев 6 айлық жұмыс жөнінде есеп берді.

"2020 жылдың 6 айында департамент 73 қылмыстық істі тіркеген. Оның ішінде ауыр санатында - 54, аса ауыр санатында - 1 және жедел жолмен 54 қылмыс тіркелген. Жасалған заңсыз іс-әрекеттер үшін 49 тұлға қылмыстық жауапқа тартылды. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 189-бабымен Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Сариев 6,9 млн тенге көлемінде айыппұл жазасына және аталған басқарманың бөлім басшысы Бексеитова 2 жыл 1 ай бас бостандығынан айыру жазасына тартылды", - деп мәлім етті департамент басшысы.

Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 361-бабында қарастырылған қылмысты жасағаны үшін Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Шалқарбековтың 1 жылға бас бостандығы шектелді.

Қылмыстық кодекстің 366-бабымен Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің Шу ауданы полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесінің бастығы Абдикалыковқа 7,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Жамбылда облыстық мәндегі басшыларға қатысты - 5 іс, қала мен аудан деңгейінде - 5 басшы және 4 ауыл әкіміне қатысты қылмыстық іс қозғалған. 67 қылмыстық іс сотқа жолданған.

Айта кетейік, осыған дейін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында Мыңарал ауылдық округінде болып, ақсақалдар және жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866734-zambylda-4-auyldy-kimine-zemkorlyk-zasady-degen-ajyp-tagylyp-otyr/