RU

Қазақстанда коронавируспен ауырған бір науқасты емдеуге қанша қаражат кетеді

Медициналық сақтандыру қорының басшысы ОКҚ-да өткен онлайн-брифингте коронавируспен ауырған бір науқастың ауруханада ем алуы қанша тұратынын айтты. Сома науқастың жағдайының ауырлығына байланысты 292 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін өзгеріп отырады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қазақстанда коронавируспен ауыратын бір науқасты емдеуге қанша қаражат жұмсалады
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Болат Төкежановтың айтуынша, осы уақытқа дейін қор коронавирус диагностикасына, оның еміне және асқынған жағдайға арналған тарифтер әзірлеген.

Оған сәйкес, ауру жеңіл өтіп жатқан бір науқасты емдеу 292 600 теңгені құрайды, орташа ауыр жағдайды пациентті емдеу үшін – 446 100 теңге қажет болса, ауыр хәлдегі науқасты емдеу сомасы – 1,5 миллион теңге.

Аса ауыр хәлдегі науқасты емдеу үшін қор бір адамға 1,7 миллион теңге төлейді.

Алайда, бұл сомаға нақты не кіретінін нақты айту қор өкілдеріне қиынға соқты.

Журналистердің сауалына қордың басқарушы директоры Азамат Өміртаев жауап беруге тырысты.

Оның айтуынша, науқастың стационарда болуына байланысты шығындардан басқа (бір төсек-тәулікке), бұл соманың ішіне коронавирусты анықтау үшін ПТР диагностика және КТ тексерісі кіреді.

Бұған дәрімен қамтамасыз ету кірмейді: медициналық ұйымдардың пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шығындары осы қордан төленеді.

"Яғни, азаматтар ауруханаға ауыр халде жатқызылған кезде, олардың туыстары мен достары жүгіріп, физерітіндіден бастап, қымбат антикоагулянттар сатып алатыны қалыпты жағдай ма?", – деп сұрады журналист.

Спикер дәл қазіргі уақытта физерітінді ӘМСҚ қаражатынан төленетінін айтты. COVID-19 емдеу хаттамасына қымбат дәрі-дәрмектерді қосу туралы шешім 15 шілдеде ғана қабылданды.

Бүгінгі күні пациентке оларды өз бетімен сатып алудың қажеті жоқ: оларды ӘМСҚ төлейді. Бұл антибиотиктер мен антикоагулянттарға да қатысты.

"Егер бүгінгі күні бұл дәрі-дәрмектер ӘМСҚ есебінен төленетін болса, онда ауруханаларда жатқан туыстарына дәрі-дәрмек сатып алуға кеткен шығынның бір бөлігін азаматтарға қайтару мүмкіндігін қарастырып жатырсыздар ма? Адамдар өз ақшаларына дәрі сатып алуға мәжбүр болды", - деп сұрады БАҚ өкілдері.

Оған жауап ретінде маман қолданыстағы заңға сәйкес қор азаматтардың шығындарын төлеуді қарастырмайтынын айтты. Қор коронавируспен ауырған науқасты емдеуге клиникалық хаттамаға сәйкес дәрі-дәрмектер немесе медициналық бұйымдар сатып алған медициналық ұйымдардың шығындарын ғана төлейді.

"Қазір медициналық ұйымдар азаматтарды барлық дәрі-дәрмектерді өз қаражаты есебінен сатып алуға мәжбүрлеп жатыр. Сіздер адамдарға ақшасын қайтарасыздар ма? Қазір адамдарды коронавирустан өз қаражатына емдеп жатыр ма?", – деп сұрады журналист.

Бұл сұраққа маман былайша жауап берді.

"Бұл дәрі-дәрмектерді ауруханалар қамтамасыз етуі керек, азаматтар ешқандай шығындарды өз қалтасынан шығармауы керек. Медициналық ұйымдар дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуі керек және азаматтарды өз қаражаттарына дәрі-дәрмек сатып алуға мәжбүрлемеуі керек... Медициналық ұйымдар азаматтарды дәрі сатып алуға мәжбүр еткен фактілерді тексереміз, себебі олар клиникалық хаттамаға енгізілген және ӘМСҚ өз қаражаты есебінен төлеуі керек", – деп атап өтті ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866921-kazakstanda-koronaviruspen-auyratyn-bir-naukasty-emdeuge-kansa-karazat-zmsalady/