RU

Қаржы министрлігі кімдердің өсімпұлы кешірілетінін айтты

Елімізде жеке тұлғалардың төленбеген салықтары бойынша өсімпұлы кешіріледі. Тиісті заңға ел президенті 2 шілдеде қол қойды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, құжатта жеке тұлғалар үшін өсімпұлды есептен шығару бойынша салық амнистиясын жүргізу туралы норма қарастырылған.

Атап айтқанда, 2020 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша салық төлеушінің жеке шотында есепте тұрған мүлік, жер және көлік салықтары бойынша өсімпұлдар кешіріледі.

"Өсімпұлды есептен шығарудың басты шарты –  салық бойынша негізгі борыштың төленуі. Қай салықтың негізгі берешегі төленсе, соның өсімпұлы кешіріледі. Бұған 2019 жылғы мүлік салығы мен жер салығы бойынша міндеттемелер кірмейді. Оларды 2020 жылдың 1 қазанына дейінгі мерзімде төлеу қажет", - делінген хабарламада.

Салық амнистиясын жүргізу мерзімі – 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін.

Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшесінде өсімпұлды кешіру бойынша комиссия құрылады.

Азаматтарға өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Негізгі борышты төлесе, жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде кешіріледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866978-karzy-ministrligi-kimderdi-simply-kesiriletinin-ajtty/