RU

Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарынан оқу ақысын көтермеуді сұрады

Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарынан пандемия кезінде оқу ақысын көтермеуді, сонымен қатар, қарызы бар студенттерге бөліп төлеу мүмкіндігін беруді сұрады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: Sputnik / Владислав Воднев
Фото: Sputnik / Владислав Воднев: Instagram

Бұл тақырыпты министр онлайн аппарат жиналысында қозғады.

"Коронавирус пандемия салдарынан студенттер оқуына уақытылы төлеу мүмкіндіктері азайғанын көріп отырмыз. Жалпы экономикалық жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар. Сол себепті ЖОО тарапынан да қолдау жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймын және екі мәселеге тоқталғым келеді", - деді Аймағамбетов.

Ең алдымен министр қарыздары бар студенттерге бөліп төлеу мүмкіндіктерін беруді ұсынып отыр.

Оның сөзінше, талдау нәтижесінде осындай мәселелер анықталған.

"Сол себепті бөліп төлеуге мүмкіндік қарастыруларыңызды сұраймын. Екіншіден, біз алған ақпаратқа сәйкес, біраз ЖОО қазір оқудың бағасын көтеруді жоспарлап отыр екен. Сондықтан бұл мәселе бойынша да сіздерге өтініш бар – осы жағдайды біле отырып, жоғары оқу орындарында бағаны өсірмеу. Бұл - өте маңызды. Сондықтан бұл мәселені сіздер қарастырып, тиісті шешім қабылдайды деп сенемін", - деді білім және ғылым министрі.

Еске сала кетсек, осыған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде келесі жылдан бастап білім беру саласын басқару жүйесі өзгеретінін айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867068-ashat-ajmagambetov-zogary-oku-oryndarynan-oku-akysyn-ktermeudi-srady/