RU

"Жағдай тұрақталып келеді": Облыс пен мегаполис әкімдері президентке есеп берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі үш ірі қала мен облыс әкімдері өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда: Instagram

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

"Мемлекет басшысына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері аталған өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндады.

Олардың айтуынша, коронавируспен ауырғандардың қатары азайып, сауығып шыққан науқастардың саны көбейген. Жалпы жағдай тұрақталып келеді. Төсек-орындар мен дәрі-дәрмектердің қоры жасалған.

Президент ахуалды қатаң бақылауда ұстап, аталған міндетке басым бағыт ретінде мән беруді тапсырды. Бұл ретте карантин шараларын сақтаудың маңызды екені және халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізе беру керектігі айтылды", - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 27 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстанда тағы 1526 адамнан COVID-19 анықталды. Осылайша, елімізде қауіпті вирус жұқтырғандар саны 84 648-ге жетті.

Айта кетейік, елімізде коронавируспен ауырған бір науқасты емдеуге қанша қаражат кететіні туралы жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867106-zagdaj-traktalyp-keledi-oblys-pen-megapolis-kimderi-prezidentke-esep-berdi/