RU

Жамбыл облысында полиция бөлімінің басшысы желіде тараған даулы видеодан кейін қызметінен кетті

Жамбыл облысында полиция ғимаратының алдында қол астындағы қызметкерлеріне қол көтерген басшы қызметінен босатылды. Бұл туралы өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Полиция басшысы әлеуметтік желідегі видеосынан кейін жұмыстан босатылды
Видеодағы кадр: UGC

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, видео әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде анықталған.

Онда полицейлер арасындағы жарғылық емес қарым-қатынас фактісі тіркелген. Департамент атап өткендей, оқиға осы жылдың 4 маусымында Сарысу аудандық полиция бөлімінде болған.

Осыдан кейін Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері қызметтік тексеріс жүргізген.

Видеодағы аудандық полиция бөлімінің бастығы Қуаныш Бекхожаев этикалық нормаларды өрескел бұзғаны үшін қызметінен босатылған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Жамбыл облысы Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы қол астындағы қызметкерлерін кемсітті және оларға қол көтерді деп айыпталғаны туралы жазған болатынбыз.

Жоғары шенді басшының қызметкерлерге деген дөрекі қарым-қатынасы көрсетілген видео әлеуметтік желіде пайда болған.

Видеолардың бірінде азаматтық киім киген ер адам бір қызметкердің артынан жақындап келіп, арқасынан таяқпен ұрады. Екінші видео да дәл сол жерде түсірілген, ер адам полиция қызметкерінің бетінен шапалақпен тартып жіберіп, басынан ұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867144-polkovnik-leumettik-zelide-taragan-dauly-videodan-kejin-zmysynan-bosatyldy/