RU

Шымкент тұрғындары карантинге қарамастан жағажайларда демалуда (видео)

Шымкент пен Түркістан облысының тұрғындары аптап ыстыққа шыдамай, жаппай жағажайларда демалып жатыр. Жергілікті халық санитар дәрігерлердің қатаң тыйымдарын елемей, демалыстарын өз қалауынша өткізуде деп жазады KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

Жағажайдағы демалушылар. Видеодан кадр: Otyrar.kz
Жағажайдағы демалушылар. Видеодан кадр: Otyrar.kz: UGC

Өңір тұрғындарының шектеу шараларын сақтамаған оқиғалары өткен демалыс күндері тіркелді. Жергілікті халық Бадам су қоймасының маңында орналасқан жағажайда демалып қайтқан.

Дереккөздің хабарлауынша, демалушылар бейнекамерадан қашпай, тіпті өз түрлерін жасыруға да тырыспаған. Олар өз әрекеттерінде ешқандай құқықбұзушылық жоқ екеніне кәміл сенімді. Тұрғындар бұл әрекеттерімен бар болғаны ыстықтан құтқарылып жатқандарын айтуда.

Сонымен қатар, олардың ойынша, жағажайларда COVID-19 жұқтыру қаупінің көрсеткіші нөлге тең. Демалушылар тіпті суда арақашықтық сақтап, бір-біріне аса жақын жүзбеуге тырысып жатқандарын түсіндірді.

Басылымның ақпаратынша, карантин талаптарын бұзғандарды тек СЭС қызметі жазалай алады. Алайда, жағажайда олар жоқ. Сол себепті, құтқарушыларға демалып жатқан халыққа қазіргі уақытта суға түсуге болмайтынын түсіндіру ғана қалды.

Еңбекшіқазақ ауданындағы ТЖ бойынша бөлімнің қызметкері Жолдас Ахметов тыйым салынған белгілерден асып жүзуге, балаларды қараусыз қалдыруға және шаршаған күйде жүзуге болмайтынын ескертті.

Оған қоса, демалушыларға коронавирус пандемиясына байланысты, екі метр арақашықтықты сақтау керек екенін түсіндірді. Құтқарушылардың айтуынша, 2020 жылы әзірге Шымкенттегі су қоймаларында өлім оқиғалары тіркелмеген. Олар бұл көрсеткіш сақталып қалады деген үмітте.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867204-symkent-trgyndary-karantinge-karamastan-zagazajlarda-demaluda-video/