RU

"Талап бәріне бірдей болсын": Ақтауда тұрғындар әкімдік алдында шу шығарды

Ақтау қаласында карантин талаптарына келіспеген кәсіпкерлерлер наразылық білдіріп, әкімдік алдына жиналды. Олар қойылған тәртіп пен шектеулердің тең еместігіне ашулы. Мәселен, суға түсу маусымы қызған кезде қоғамдық жағажайларға рұқсат берілмей, ақылы демалыс орындарының ашық екенін айтуда. Кәсіпкерлердің сөзінше, ол жерде де жұртшылық көптеп жиналып, ешқандай әлеуметтік ара-қашықтық сақталмаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Видеодан кадр/КТК
Видеодан кадр/КТК: Instagram
"Қазір жұмыс істеп жатқан ақылы туристік орындарға барып көрдім. Ішінде өз мейрамханалары бар. Адамға лық толы. Бірақ тексеріп жатқан ешкім жоқ. Керісінше, тегін жағажайлар, мейрамханалар, қоғамдық тамақтану орындары  жабық. Неге барлығына бірдей талап қойылмайды", - деп ашуланды кәсіпкер Әлима Шаймерденова.

Жергілікті тұрғындардың жанайқайына дәрігерлер жауап қатты. Олар ақылы туристик нысандар талаптарды тиянақты орындайды деп отыр.

Тиісті маманның сөзінше, жеке демалыс орнының басшысы демалушылар арасында әлеуметтік ара қашықтық сақталмағаны үшін айыппұл төлеген. Ал тегін жағажайларда жүрген адамдарды қадағалау қиындық тудырады. Тіпті топтасып барып, санитарлық талапты пысқырмай кетеді екен.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, карантин тәртібін тең қылуды сұрған кәсіпкерлер облыс әкімінің атына өтініш жазды. Олар үлкен шығынға батып, несиелерін төлей алмай жатырмыз дейді.

Ал санитар дәрігерлер 3 тамыздан бастап жазғы тамақтанатын орындардың жұмысы қайта жалғасатынын жеткізген. Алайда тегін жағажайлардың қашан ашылатыны белгісіз.

"Қоғамдық тегін жағажайларда адамдарды жеке-жеке қадағалау мүмкін емес. Тіпті тұрғындардың жағада пикник ұйымдастырып, санитарлық талаптарды сақтамаған сәттері көп болды. Ал ақылы демалыс орындарындағы барлық жауапкершілік басшыларда", - деді Маңғыстау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Сәкен Мелдебаев.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Ақтау қаласының тұрғыны адамға лық толы ақылы жағажайды видеоға түсіріп алған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867207-talap-brine-birdej-bolsyn-aktauda-trgyndar-kimdik-aldynda-su-sygardy/