RU

Денсаулық сақтау министрлігіне 5 тамызға дейін жаңа санитарлық талаптарды жариялау тапсырылды

29 шілде күні премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Оның барысында үкімет басшысының орынбасары карантин режимінің ұзартылуына байланысты облыс әкімдіктеріне тапсырма берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ премьер-министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: UGC

Ведомствоаралық комиссияның бұл жолғы отырысында мемлекет басшысының карантин шараларын екі аптаға ұзарту жөніндегі тапсырмасы, өңірлердегі эпидемиологиялық жағдай, сондай-ақ карантин режимін бұзу фактілері қаралған.

Жиын барысында карантин режимінің ұзартылуына байланысты өңір әкімдіктеріне бизнес субъектілерімен карантин шаралары аяқталғаннан кейін олардың қызметін қалпына келтіру бойынша алдын ала жұмыс жүргізу тапсырылды.

Ал Денсаулық сақтау министрлігіне ағымдағы жылдың 5 тамызына дейін нысандар бойынша енгізілетін санитарлық талаптарды бекіту және жариялау тапсырылды.

Сонымен қатар қабылданған шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың жергілікті жерлерде санитарлық талаптарды сақтау үшін жауапкершілік аймағын бекіткен.

Бизнес субъектілерін қайта жаңғырту бойынша зерттеу актілерін өңірлер, қалалар, аудандар әкімдіктерінің басшылары, аумақтық санитарлық қызметтер, жұртшылық өкілдері және "Атамекен" ҰКП жеке қабылдайтын болады.

Сондай-ақ, жиында пневмониядан өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі тіркелген Павлодар облысы әкімінің, сондай-ақ COVID-19-бен аурудың өсуіне байланысты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баяндамасы тыңдалды.

Сонымен бірге Ішкі істер министрлігі елімізде 11 мың рейдті жүргізу нәтижесі туралы баяндаған, оның қорытындысы бойынша 4 600 санитарлық тәртіп бұзушылық анықталған.

Вице-премьер Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының әкімдіктеріне осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Кеңес қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867382-densaulyk-saktau-ministrligine-5-tamyzga-dejin-zaa-sanitarlyk-talaptardy-zarialau-tapsyryldy/