RU

Мемлекет басшысы Қырғызстан президентіне көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Сооранбай Жээнбековке және халқына коронавирус індетінен қайтыс болғандарды Ұлттық аза тұту күніне байланысты көңіл айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Қырғызстан президентінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"Қазақстан халқы және өзімнің атымнан бауырлас Қырғызстан азаматтарына коронавирус инфекциясының құрбаны болғандарды Ұлттық аза тұту күніне байланысты шынайы қолдау білдіргім келеді. Осы қиын сәтте орны толмас қайғы-қасіретпен бөлісе отырып, мезгілсіз кеткендердің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, бүгінде осы аурумен күресіп жатқан азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін", - делінген мемлекет басшысының хабарламасында.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қабылданған шаралар жақын арада Қырғызстанда эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік беретіне сенім білдірді.

Сондай-ақ президент Қазақстан бұрынғыдай бауырлас қырғыз еліне қолдан келгенше көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Еске сала кетсек, 13 шілде күні Қазақстан халқы коронавирус құрбандарын еске алды.

Еліміздегі жалпы Аза тұту күнінде мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарындағы мемлекеттік Ту түсірілді.

Сондай-ақ, телерадио компаниялары хабар тарату кестесін өзгертіп, ойын-сауық бағдарламалары тоқтатылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен еліміздің өзге де лауазымды тұлғалары Ақорда резиденциясының алдында індеттен қаза болған азаматтарды құрметпен еске алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867428-memleket-bassysy-kyrgyzstan-prezidentine-kil-ajtty/