RU

"Коменданттық сағат орнату қажет": Отандық ғалым коронавируспен күресудің жолдарын айтты

Белгілі ғалым, академик әрі бұрынғы парламент мәжілісінің депутаты Оразалы Сәбден коронавируспен қалай күресу керектігі туралы өз ұсынысын жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: Abai.kz
Фото: Abai.kz: Instagram

Академик коронавируспен күреске қарсы ұсыныстарын Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.

"Біз, 18 миллион халқы бар Қазақстан Республикасы, Covid-19 дертіне шалдыққан науқастар саны жағынан 1,4 миллиард халқы бар Қытайдан озып кеттік. Еліміз әлемдік рейтингте 213 елдің ішінде 26 орында тұр. Одан бөлек, ТМД елдері ішінде Ресейден соң 2-ші орынға жоғарлады. Аталған ақпаратты саралай келіп, біздің қаншалықты нашар деңгейде дертпен күрескенімізді көруге болады.

Екі алып держава – АҚШ пен Ресей бұл дертке қарсы вакцина жасаудан жарысып жатыр. Басқа мемлекеттер де аянбай тер төгуде.

Ресей әлемде бірінші болып 1957жылы ғарышқа жердің жасанды серігін ұшырса, Юрий Гагарин тұңғыш космонавт атанды. Ал енді Ресей ғалымдары медицина саласында да жер жүзінде бірінші болып COVID-19-ға қарсы вакцина шығарып жатыр. Адамдарға жасалған зерттеу жұмыстары оң нәтижесін корсетіп келеді. Аталған вакцина толықтай зертеу жұмыстарын өтіп, өндіріске енгеннен кейін, әлем бойынша жоғары сұранысқа ие болады. Біз әдеттегідей көштің соңында қалып қоймау үшін бүгіннен бастап вакцинаны сатып алу бойынша Ресеймен келісімшартқа отыруымыз керек. Сонда вакцинаны бірнеше есе арзанға алып, алғашқылардың бірі болып халқымызды емдеуге кірісеміз.

Күндізгі уақытта халық саны көшелерде аса қатты байқалмайды. Алайда, кешкі уақытта халықтың бұл індетті жұқтыруға көптеген себептері болады, мысалы: адамдар жұмыстан келгенде серуендеуге шығады: топ болып көңіл көтереді; түнгі клубтар және басқа да орындар жасырын жұмыс жасайды және т.б. Сондықтан, тез арада, кешкі сағат 21-00-ден бастап далада барлық жүрісті тоқтатып, коменданттық сағат орнату қажет.

Жалпы аталған барлық ұсыныстар әлемдік тәжірибеге сәйкес сараланып, әрбір ұсыныс біздің ұлттық менталитетке сай призмасынан зерттелді", - деді Оразалы Сәбден.

Еске сала кетсек, соңғы деректерге сүйенсек Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 87 664-ке жеткен. Өткен тәулікте 1472 адам коронавирус жұқтырған. Елімізде індеттен 57 815 адам жазылса, 793 науқас көз жұмған.

Ал жалпы әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 16 959 936 жетіп отыр. Оның ішінде 9 908 772 адам жазылып, ауруханадан шықса, 665 581 науқас қайтыс болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867563-komendanttyk-sagat-ornatu-kazet-otandyk-galym-koronaviruspen-kresudi-zoldaryn-ajtty/