Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бас мүфти барша Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Опубликовано:

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбайқажы Тағанұлы барша отандастарын қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, өз ақ тілегін арнайы видео арқылы жолдаған. Бейнежазба Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының ресми сайтында жарияланды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: muftyat.kz
Фото: muftyat.kz: Instagram

Мүфтияттың ресми интернет-ресурсында бас муфти құттықтауының мәтіні де жарияланған. ҚМДБ төрағасы бүкіл әлемде орын алған жағдайға байланысты осы жылы Құрбан айт тиісті дәрежесінде атап өтілмейтініне өкініш білдірді. Ол қаралы күндер артта қалып, жамағатпен бірге құлшылық жасайтын уақыттың тезірек келуін тіледі.

"Қадірлі қауым!

Баршаңызды күллі исі мұсылман баласы асыға күтетін ұлық мейрам – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айттарыңыз қабыл болсын! Сіздерге Алладан амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!

Құрбан айт – асыл дініміз Исламдағы екі ұлық мерекенің бірі. Айтулы күнде мұсылман қауымы Құдай жолында құрбан шалып, қанағат пен қайырымдылықтың, мейірімділік пен ізгіліктің риясыз үлгісін көрсетіп, көмекке мұқтаж жандардың бата-тілегін алып, алғысына бөленеді.

Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алады. Ұлық мейрамда ерекше ыждаһат һәм ықыласпен орындалатын құлшылықтар мен ізгі іс-шаралар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, игі дәстүрге айналды.

Материалдық мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

Өкінішке қарай, әлемдегі және елдегі жағдайға байланысты Құрбан айтты өз дәрежесінде атап өтіп, жамағатпен құлшылық жасай алмаймыз. Алланың аманаты болған өміріміз бен денсаулығымызды сақтау – мұсылмандық міндетіміз. Алайда сауап іздеген адам үшін жақсылықтың есіктері қашан да ашық. Біз осы ретте құрбан шалу шараларын қашықтықтан жүзеге асыруды қолға алдық.

Аса мейірімді, ерекше кеңшілік иесі раббымыз осы сынақты тезірек жақсылыққа алмастырғай. Шалған құрбандық, берген садақа, жасаған әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылғай.

Алла Тағала жер бетін жұқпалы дерттен тазартып, жақсылығы мен берекетін жаудырғай. Қауіпті індеттен қайтыс болғандарды мейіріміне бөлеп, науқас жандарға шипасын бергей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.

Мешіттеріміз ашылып, жамағатпен құлшылық жасайтын күнді жақын етіп, қалыпты өмір тіршілігіне қайта оралуды жазғай! Әмин!",- деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867582-bas-mfti-barsa-kazakstan-halkyn-krban-ajt-merekesimen-kttyktady/

pixel