RU

Павлодар облысында пневмонияға қатысты құпия болған қайғылы статистика жарияланды

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы өңірдегі пневмонияға қатысты мәлімдеме жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Павлодар облысында пневмонияға қатысты құпия болған қайғылы статистика жарияланды
Көрнекі фото: hightech.fm: Instagram

Аймақтың бас дәрігері алдымен бұған дейін құпия болған қайғылы статистиканы жариялады. Биылғы жылдың басынан бері өңірде пневмониядан 428 адам көз жұмған.

Оның ішінде 85 адам маусым, ал 314 адам шілде айында қайтыс болғаны белгілі болды. Сала мамандарының хабарлауынша, қайтыс болған науқастарға аурудың әр алуан түрлері бойынша диагноздар қойылған. Өлім-жітім оқиғаларының басым бөлігі шілде айында тіркеліпті.

Қазіргі таңда аймақта пневмония жағдайларын анықтаудың жаңа тәсілдері енгізілді. Яғни, аурудың коронавирустық түрі бойынша есеп жүргізіле бастады. Бүгінге дейін аурудың осы түрінен сегіз адам қайтыс болды.

Жалпы ауруға душар болғандардың басым бөлігі егде жастағы адамдар болып шықты. Салалық ведомство басшылығы қайғылы жағдайлар үшін медицина қызметкерлерін кінәламауды сұрады. Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста COVID-19 инфекциясын 3052 адам жұқтырған. Госпитальдерде 1300-ден астам ем қабылдап жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус жұқтырып алған тағы 1414 адам тіркелді. Олардың ішінде 627 науқастың клиникалық белгілері жоқ болып шықты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867600-pavlodar-oblysynda-pnevmoniaga-katysty-kpia-bolgan-kajgyly-statistika-zarialandy/